Парламент сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев парламенттік тыңдауда халқының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын өңірлерді атады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мәулен Әшімбаев Әділ Қазақстан тіректерінің бірі – ұлттық табысты әділ бөлу екенін айтты.
"Қазір халқымыздың жартысына барлық табыстың үштен бірі ғана тиесілі. Қазақстандықтардың шамамен 5%-ының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды. Сонымен қатар 12 өңірде, өкінішке қарай, бұл көрсеткіштің өсуі байқалады. Әңгіме Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және басқа облыстар туралы болып отыр", - деді ҚР парламенті сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, жұмысбастылық құрылымына қарасақ, Қазақстанда бес миллионға жуық адам, яғни жұмыс күшінің жартысы өнімділігі төмен еңбекпен айналысады.
"Халықтың әл-ауқатын арттырудың бір жолы - шағын және орта бизнесті дамыту. Сонымен қатар шағын бизнес бүгінде ірі қалаларда шоғырланған. Ауылдық жерлерде тұрғындар бизнесті дамыту үшін шектеулі мүмкіндіктерге тап болып отыр. Осыған байланысты бұл жағдайды өзгертудің тиімді құралдары мен жолдары керек", - деді Мәулен Әшімбаев.
17 ақпан күні сенатор Серік Шайдаров Қазақстан нашар жолдар бойынша ТМД елдерінен алда екенін айтты.
2022 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстанда кедейлік деңгейі 5,3% болғаны хабарланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2001-2021 жылдар аралығында Қазақстанда кедейлік деңгейі 46,7%-дан 5,2%-ға дейін төмендеген.