19.02.2023, 18:30

Екібастұздағы жылу электр орталығының толықтай істен шыққаны рас па?

Фото: tengrinews
Ақаудан кейін жылу 40 градусқа дейін, яғни екі есеге төмендеп кеткен.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхан Екібастұз жылу электр орталығы тоқтамай, қалыпты жұмыс істеп тұрғанын айтты. Бұған дейін желілік су құбырында анықталған зақымдар жөнделген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Асайын Байхан Tengrinews.kz тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында Екібастұз жылу электр орталығындағы жылу беру тоқтатылды деген қауесетті жоққа шығарды.

"18 ақпанда сағат 17.00-де апатты жою жұмыстары жүргізілді. Үш қазандық қосымша қосылды.

19 ақпанда қазандықтарды жылыту басталды және таңғы 6-да 60 градус параметрлеріне жеттік.

Алты қазандық жұмыс істеп тұр. Сағат 15:00-дегі жағдай бойынша ЖЭО-дан шығатын (берілетін) желілік судың температурасы 71 градус болды. Бұл үйлердегі жылу 50-65 градус арасында екенін білдіреді. Станция бірте-бірте оңтайлы температуралық параметрлерді арттырады, бұл тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді", - деп сендірді әкім.

Сондай-ақ, әкім Екібастұзда "ескі проблемалық үйлер" бар екенін де айтты.

"Бұл үйлердің тізімі анықталды. Олар жылу жүйесін жууға қойылды. Өйткені олар бастапқыда жылыту маусымына нашар дайындалған. Бұл Екібастұздағы 700 көпқабатты үй", - деп қосты әкім.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханның айтуынша, бүгінде Екібастұзда барлық үйде жылу бар.

"Ешқандай су ағызу немесе өшіру болған жоқ, бір ғана нәрсе ақаудан кейін жылу 40 градусқа дейін, яғни екі есеге төмендеп кетті", - деп түйіндеді Байхан.

Еске салайық, 18 ақпанға қараған түні таңғы сағат 4.55-те станциядағы желілік су клапанының тығыны сынған болатын. Құбырдың зақымдануын жою үшін жұмыс бригадалары үш қазандық пен желілік сорғыларды тоқтатуға мәжбүр болып, жөндеу жұмыстары басталған.