25.02.2023, 01:00

«Мәңгі жүрегімізде»: Алматыда Darkhan Juzz жанкүйерлері әншінің еске алу кешін өткізді

Фото: видеодан скриншот
Еске алуға келгендердің ішінде актриса Алмагүл Сағындық пен әнші Qanay бар.

Алматыда бір топ жастар “Darkhan Juzz” лақап атымен танымал Дархан Жүнісбековты еске алу кешін өткізді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

24 ақпан сағат 20:00-де Qazaq indie жанрында ән жазатын жас әншінің көз жұмғанына байланысты Арбатта еске алу кеші өтті. Өнер иесінің жанкүйерлері жұлдыздың суретін шығарып, гүл шоқтарын қойды және майшамдарын жақты. Кеш бір минут үнсіздікпен басталып, әрі қарай Darkhan Juzz әндері шырқалды.  Марқұм әншінің әнін сүйіп тыңдайтындар көңіл айтып, дос-жарандары естеліктерімен бөлісті.

“Араларыңызда әлі сенбей тұрғандар бар шығар. Дархан өзінің әндерімен, басынан өткен сәттерді сипаттай отырып, қазақ жастарының жүрегінен орын алды. Әндерінің әрбір сөзі жүрекке жетеді. Айтарға сөз жоқ… Дарханның ойлары, шығармашылығы ешқашан өлмейді. Ол мәңгі жүрегімізде”, – деді кешті ұйымдастырушылардың бірі.

Журналист-продюссер, кешті ұйымдастырушылардың бірі Виолетта Тельманова да әншіні еске алуға келгендерге алғысын айтты. “Айтатын сөз таба алмадым. Барлық келгендерге рахмет, ән үшін рахмет. Екі сағат бойы тоқтаусыз Дарханның әндері айтылды”, – деді Виолетта Тельманова.  Еске алуға келгендердің ішінде актриса Алмагүл Сағындық пен әнші Qanay бар. Бұған дейін танымал әнші Дархан Жүнісбековтың өмірден озғаны хабарланды.