27.02.2023, 10:15

Ақтөбелік құтқарушылар ел алдындағы маңызды миссиясын қалай атқарып жүр?

Фото: Ақтөбе ТЖД
Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап.

Айналамызда айтпай келетін тілсіз жау, күтпеген жерден туындайтын оқыс оқиға жетерлік. Сондай төтенше жағдайда тосылып қалмай, шапшаң әрі дұрыс әрекет ететін құтқарушылар еңбегі қашан да орасан. Құтқарушылардың ерен еңбегін бірі естісе, енді бірі мән де бермеуі мүмкін. 

«Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі», - деп Тоқаев айтқандай абыройлы міндетті Ақтөбе құтқарушылары қалай арқалап жүр? Осы орайда біз Ақтөбелік батырлардың еңбегіне шолу жасауды жөн көрдік. Өйткені өңір өрендерінің атқарып жатқан ісі кейде назардан тыс қалып жататыны жасырын емес.

Ақпан айы Ақтөбе құтқарушыларын біраз әуреге салды. Өйткені өңірде төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Солардың бірі №23 орта мектеп-лицейінен шыққан өрт. Тілсіз жаудың жақсысы жоқ. Әйтсе де мектептен шыққан өрт көпті алаңдатып қойғаны сөзсіз. Өйткені, балалар ересектерге қарағанда мұндай жағдайда өз бетінше әрекет ете алмайды. Бұл жердегі құтқарушылардың жүгі екі есе ауыр, жұмысы екі есе қиын. Дегенмен, Ақтөбелік өрт сөндірушілері өз біліктіліктері мен шеберлігін көрсете білді. 14 техника мен 53 құтқарушы оқиға орнына жедел жетті. Мыңға жуық оқушы, 60 ересек адам қауіпсіз аймаққа көшірілді. Құтқарушылардың кәсібилігінің арқасында зардап шеккендер болған жоқ. Бас аяғы он минуттың ішінде қызыл жалын толықтай ауыздықталды. Өрт шығу себебі қысқа тұйықталу болған. Өз кезегінде Ақтөбе облыстық ТЖД өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң қадағалауды тапсырды. 

Бұдан бөлек елдің көп бөлігінде күн күрт бұзылып, бірқатар өңірде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Бірақ ескертуге қарамастан жолға шыққан жүргізушілер қарасы көп болды. Салдары боранды күні жолаушылардың жолда қалуына әкеп соқты. Ақтөбелік құтқарушылар бірнеше аудан бойынша авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылының аумағында жатқан «Самара-Шымкент» тас жолында қалған 20 адам әкімшілікпен келісе отырып, «Мерей» кемпингіне орналастырылды. 

112 құтқару қызметіне Жарық ауылында жол жоқтығына байланысты жүкті әйелге көмек керектігі туралы хабарлама түскен. Құтқарушылар жол талғамайтын көлік тізгініне мініп, әйелді Мұғалжар ауданының орталық ауруханасына жеткізді. 

23 ақпан күні «Мартөк-Ақтөбе» тас жолында үш адам, «Самара-Шымкент» бағытында төрт адам, «Бадамша-Хромтау» жолында тағы да төрт адам көмек керек екені жөнінде дабыл қаққан. Азаматтардың барлығы құтқарушылардың көмегімен қауіпсіз аймаққа орналастырылды. Келесі күні авариялық-құтқару жұмыстарына 52 құтқарушы мен 14 техника жұмылдырылды. Жедел әрекеттің арқасында 93 адам эвакуацияланды. Сонымен қатар, Шалқар қаласының маңында Ресей елінің азаматтары мінген көлік қар құрсауында қалған. Шақырту орнына жеткен техника мен төрт құтқарушы автокөлікті қар құрсауынан алып шықты, зардап шеккендер жоқ.

Мұның барлығы соңғы он күнде Ақтөбе облысында тіркелген төтенше оқиғалар тізбегі. Құтқарушылардың күніне қанша көзсіз ерлікке баратынын осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Мемлекет басшысы атап өткендей олардың еңбегі ең жоғары бағаға лайық: «Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалдыңыздар. Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық». Ел тұтастығы үшін әр өңірдің қызметкерлері өз миссиясын асқан жауапкершілікпен орындайды деп сенім білдіреміз.