$ 494.87  520.65  4.91

«Сыпсыңдап, қазақтың әйелдерін бетіне қаратып отыр»: Танымал блогер өздерін «Құдай» санайтын коуч-мотиваторларға қарсы шықты

Толығымен келісемін, мұны да айтатын біреу бар екен-ау.
Фото: видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Танымал блогер, атышулы «Қалаулым» бағдарламасының бұрынғы қатысушысы Ырысбала Икрамбай Хит ТВ арнасындағы «Менің өмірім» бағдарламасына келіп, сұхбат берді.

Қайырымдылық істерімен танылған блогер желіде қазақ әйелдерінің «аузын ашып, алдайтын» курстардың көбейгеніне күйінді, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі.

Ырысбала Икрамбайдың айтуынша, бұл ретте телефон мен әлеуметтік желінің пайдасы болса, соншалықты зияны да бар екен.

«Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, ешкімнен қорқып та тұрған жоқпын, Алладан басқа ешкімнен қорықпаймыз. Ешқайсысы біздің астымыздағы атымызды тартып, шапанымызды шешіп алмайды. Телефон жақсы, бірақ оның жаман тұсы да бар. Сол телефон, әлеуметтік желі арқылы біз қаншама қазақты баспаналы қылып жатсақ халықтың арқасында, ал тағы бір жақта сол халықтың аузын айға қаратып, өтірікті шындай қылып, аңқау елге арамза молдалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтар сияқты топырлап шығып кетті ғой. Өзі енді күйеуге тиеді, бірақ көптеген қазақ әйеліне «Апта сайын күйеуіңнен гүл алуды», «Күйеуіңнің махаббатына бөленіп, көзін ашса да, жұмса да сені көретіндей етіп қоюды үйретемін» деп, менің мотиваторлық курсымнан үйренесіз дейді.

Ол әйелдің тіпті күйеуге тигені кеше ғана. Одан кейін, мынаны қараңыз, анасының баласы тау қопарып, тас жарған жоқ, белгілі бір белесті де бағындырған жоқ, бірақ ол: «Сен балаңа дұрыс тәрбие беріп жатқан жоқсың, бірақ оған дұрыс тәрбие беруді мен үйретемін» дейді. Өзінің не күйеуі, не енесі жоқ, бірақ сондай әйелдер отырып алып, сыпсыңдап, қаншама қазақтың әйелдерін бетіне қаратып алып, өзін Құдай деп, Құдайдың сөзін айтады. Бірақ солар «Мен саған күйеумен, енемен қарым-қатынасты үйретемін» деп отырады. Өзің диуана болсаң, кімге пір боласың», - деп күйінді блогер.

Желі қолданушылары Ырысбаланың бұл ойымен толық келісетіндіктерін жеткізген.

«Шындықты айтып отыр ғой, желінің ашып қалсаң, бітпейтін курс, коучтар. Қайсыбіріне сенетінімізді білмейміз», «Ырысбала блогердердің ішіндегі шындықты айтатындардың бірі, жарайсың қазақтың өжет қызы, ісің алға баса берсін», «Сендей блогерлер көп болса ғой, риза болып отырмын сұхбатына», «Толығымен келісемін, мұны да айтатын біреу бар екен-ау» деп жазды олар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары