Соңғы жылдары туризм саласы айтарлықтай өрге басып, халықаралық ауқымдағы жаппай әлеуметтік-экономикалық құбылысқа айналды. Оның қарқынды дамуына әлем халықтары арасындағы саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени байланыстардың кеңеюі ықпал етуде. Туризмнің жаппай дамуы миллиондаған адамға өз Отанының және өзге елдердің тарихы туралы білім көкжиегін кеңейтуге, белгілі бір елдің көрікті жерлерімен, мәдениетімен, дәстүр-салтымен танысуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда туризм саласындағы кәсіптік білімнің басталуы сонау 1992 жылы қаланды. Бұл уақытқа дейін Қазақстанда нарық жағдайында жұмыс істейтін туристік және қонақ үй құрылымдарының мамандарын даярлау тәжірибесі болған жоқ. Сондықтан туризм менеджерлерін дайындайтын республиканың бірінші жоғары оқу орындарында оқу жоспарларын, бағдарламаларын жасау, тұтас оқу - тәрбие процесін ұйымдастыру негізінен эмпирикалық жолмен жүзеге асырылды. Жалпы, Қазақстан Республикасы әлемдік туристік нарықтарға неғұрлым белсенді шығу үшін объективті алғышарттарға ие.
Қазақстанда туризмді дамытудың басты мақсаты – экологиялық және әлеуметтік бағдарланған, жоғары рентабельді және бәсекеге қабілетті туристік индустрияны қалыптастыру. Ол туристердің елге табыс әкелетін түрлі туристік қызметтерге және жаңа жұмыс орындарына, оның ішінде туризммен шектес экономика салаларына қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қабілетті. Ел экономикасындағы халықаралық туризмнің рөлі осы мақсатқа жету дәрежесімен анықталады.
Қазақстанның туристік индустриясы туризмнің белгілі бір түрлеріне және нысаналы нарықтарға күш-жігерді шоғырландыру кезінде өзінің бәсекелестік артықшылықтарын барынша іске асыруға қауқарлы. Мұндағы ең бәсекеге қабілетті және тартымды бағыттар:
курорттық-рекреациялық туризм; экстремалды туризм; Ұлы Жібек жолындағы туризм; іскерлік туризм.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстандағы ішкі туризм көрсеткіштері екінші жыл қатарынан қарқын алып келеді. Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша орналастыру орындары қызмет көрсететін ішкі туристер саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 пайызға артып, 2,7 миллион адамды құраған (2021 жылдың екінші тоқсаны - 2,1 миллион).
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуінде Қазақстан әлемдік туризм рейтингінде дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанын баса айтқан болатын.
«Біздің еліміз бағаның қолжетімділігі, бірегей табиғат пен бай мәдени мұраның болуы сияқты көрсеткіштер бойынша ең жоғары орынға ие. Мемлекет бизнес үшін ынталандырушы субсидиялардың тұтас пакетін ұсынады және салаға инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Отандық туристік әлеуетті ілгерілету үшін кешенді қадамдар жасалуда. 80-ге жуық елдің азаматтары үшін визасыз режим қолданылады. Бірақ тұтастай алғанда туризм саласындағы жағдайды қанағаттанарлық деп атауға болмайды, әсіресе аймақ бойынша көрші елдермен салыстырғанда. Жалпы, Алматы облысы бүкіл Қазақстан үшін орасан зор туристік әлеуетті тиімді іске асырудың үлгісі бола алады және болуға тиіс. Бұл менің өңірді орта мерзімді перспективада дамытудың негізгі басымдықтары туралы көзқарасым», деген еді Президент.
Дүниежүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша туризмнің жаһандық рейтингінде 2021 жылы Қазақстан өз позициясын жақсартты және 117 елдің арасында 66-орынға ие болды (2019 жылы – 140 орынның арасында 80-орын). Саланы цифрландыру және маркетинг шеңберінде танымал әлеуметтік желілердің онлайн-платформалары мен ресурстары және әлемге әйгілі ақпараттық порталдардың алаңдары пайдаланылды.
Қазақстанның туристік әлеуеті бай және мәдени-тарихи нысандар да алуан түрлі. Танымдық, экстремалды туризм, экотуризмнің өзге де белсенді бағыттары саланың барлық түрлерін дамыту үшін бірегей мүмкіндіктерге ие.