Наурыздан бастап елімізде бірқатар өзгеріс болмақ. Көктемнің алғашқы айында болатын жаңалықтарды шолып шықтық, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Өрт сөндірушілердің жалақысы өседі
Өрт сөндірушілер алдағы наурыздан бастап жалақыны жаңа жүйемен алады. Жалақының өсуі жұмысшының санатына байланысты.
«Жалақыға қатысты қаулыны таяудағы республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсынамыз. Өрт сөндірушілер қаңтар, ақпанның айлығын бұрынғы есеппен алады деп ойлаймын. Ал наурыздың ортасында республикалық бюджеттен ақша түскен соң қайта есептелуге тиіс. Таяуда өткен министрліктің алқа отырысында департаменттер және өрт сөндіру қызметінің басшыларына жалақы өсіміне қатысты мән-жай тағы бір түсіндірілді», – деді Юрий Ильин.
Бұған дейін ең төменгі жалақы шамамен 110 мың теңге болса, енді олардың айлығы 180 мың теңгеге артады.
«Министр, орынбасарлары мен комитет басшыларының жалақысы өспейді. Өрт сөндіру қызметтері мен департаменттердің басшылық құрамының жалақысы 20%-ға дейін көтеріледі. Одан артық болмайды. Басты назар төменгі жалақы алатын буынға беріледі», – деді министр.
Банкроттық рәсімдеуге өтініш беру басталады
2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» ҚР Заңына қол қойды. Ол банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдында мерзімі өткен берешегі бар және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген борыштардың басқа да түрлері бойынша ҚР азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты туындаған қатынастарды реттеуді көздейді.
Бұл Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Қарызы бар азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады.
Қарыз сомасына қарай борышкерлерге банкроттықтың үш рәсімінің бірі – сот банкроттығы, соттан тыс және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қолданылады. Барлық үш рәсімді тек борышкердің өзі анықтайды.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы
19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау 19 наурызда өтеді.
Сайлау алдындағы үгіт 18 ақпан 18:01-де басталды, ол 18 наурыз сағат 00:00-де аяқталады. Бұған дейін ОСК мәжіліс сайлауына қатысатын барлық жеті саяси партияның партиялық тізімін тіркеді.
Сайлаудан кейін Мәжілісте 98 депутат қалады. Мемлекет басшысының мәліметінше, енді Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Яғни, 69 депутат партиялық тізім бойынша, ал 29 депутат бір мандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады.