02.03.2023, 16:00

Атырауда анасын бірнеше рет балағаттаған жігіт қамауға алынды

фото: inform.kz
Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Атырау облысында анасын балағаттаған жігіт 10 күнге қамауға алынды. Оған бұған дейін де осындай әрекеті үшін ескерту берілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облысының Махамбет аудандық сотында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігімен Б.А.-ға қатысты іс қаралды.

«Сот талқылауы кезінде Махамбет ауданының жұмыс істемейтін 31 жастағы тұрғыны Б.А. анасын сыйламай, былапыт сөйлейтіні, сөйтіп, отбасы тыныштығын бұзғаны анықталды. Ол осындай теріс әрекетке екінші рет барып отыр. Биылғы жылдың 9 қаңтарында ол осы тектес әрекеті үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жазаға тартылып, ескерту алған. Бірақ, бұрынғы ісінен еш нәтиже шығармай, қайталап құқық бұзушылық жасаған», -деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметі.

Махамбет аудандық сотының қаулысымен Б.А. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жасөспірімнің өліміне себепкер болған қарт жүргізуші сотталғанын хабарлаған болатынбыз.

Жылыой аудандық сотында жасөспірімді қағып, мерт қылған 73 жастағы жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қаралды. Жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен айыпталған.

Сот үкімімен қарт жүргізуші ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабымен 2 жыл 6 ай мерзімге шартты жазаға сотталды. Сотталушыдан жәбірленуші тараптың пайдасына 5 млн теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілген.