Ақтөбеде ішімдікке салынған отбасының үйінде бір жасар және төрт жасар қиналған бүлдіршіндер табылды. Деректерге сәйкес бір жастағы бүлдіршін Zello Poisk еріктілер тобы барған кезде өліп қалған. Ал қарны аш, қиналған төрт жасар бала кетерінде өлі бауырын оятып, бірге әкетуін өтінген деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі diapazon.kz порталына сілтеме жасап.
Еріктілерге бұл отбасы туралы хабарлама алғаш рет қазан айында түскен. Волонтер Екатерина Голотинаның айтуынша, бүлдіршіндер ішімдікке салынған ата-ананың қарауында екені және оларға қауіп төніп тұрғаны айтылған. Еріктілер бұл отбасының үйіне келген кезде мас ата-анасы мен ата-әжесін көріп шошыған. Олар тіпті келгендерге күрекпен қарсы шапқан.
“Біз бірден полиция, жедел жәрдем және құзырлы органдарды шақырдық. Үйдегі 8 айлық және 4 жастағы екі баланы көршісі тамақтандырып келген. Балалар арық, көздері көгеріп, қарындары ашқан. Анасы бізге кенжесі сүт қоспасын ішпейтінін, сол үшін оған қант қосылған су беретінін айтты. Біз сол жерде-ақ оған сүт қоспасын беріп едік, ол бірден іше бастады. Анасы үлкен ұлының сөзін бөліп, оның қарны ашты ма деген сұраққа жауап бермеді. Бала соған қарамастан бізге тамақ ішпегенін және аш екенін айтты", – деді Екатерина Голотина.
Бұған дейін де құзырлы органдар балаларды бұл отбасынан алып кеткен екен. Бірақ Балалардың құқықтарын қорғау, қорғаншылық және арнайы білім беру басқармасының басшысы Мира Нұрғалиеваның айтуынша, әкесі балаларын қайтару туралы арыз жазған. Осылайша балалар әкелеріне қайтарылып, кейін бұл отбасы мекен-жайын көрсетпестен ғайып болған.
"Мекен-жайды таптық, отбасына бардық. Келгенімізде сұмдық көрініске тап болдық. Үстел басында екі қансыраған мас жігіт отырды. Шамасы, төбелесіп қалған. Анасы алақанын кесіп алған. Ол бізге кенже баласының пневмониядан қайтыс болғанын айтты. Ал сәбидің денесі әлі үйде жатты. Үлкен баласы аштықтан жылап жатты. Біз барлық құзырлы органдарды шақырдық. Біз келмегенімізде не болары белгісіз еді. Төрт жасар баланы жетектегенімізде ол өліп қалған інісін оятып, өзімен бірге алып кетуді өтінді. Жүрегіміз жарыла жаздады. Көлікте бала тамақ сұрады. Құзырлы органдардың қайда қарап отырғанын түсінбеймін. Балаларды мұндай қорқынышты жерде қалай қалдырған", – деді ерікті.
Еріктілердің сөзінше, сәбиді келесі күні жерлеген. Алайда мас ата-анасы оның жерлеу рәсіміне келмепті де.
“Біз қазан айында бұл отбасы туралы дабыл қаққанбыз. Құзырлы органдарға осындай қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді ғой. Енді балалар мұндай жағдайда өлмес үшін қайда жүгінуіміз керек. Олардың өмірін бақылауымыз керек еді ғой. Қайғыдан айтарға сөзім жоқ”, – деді Екатерина.
№3 полиция бөлімі төрт жастағы баланы "Аяла" балаларды қолдау орталығына орналастырған. Кәмелетке толмаған баланың әкесін ата-ана құқығынан айыру мәселесін құқық қорғау комиссиясы қарамақ.