05.03.2023, 12:30

FlyArystan әуежайда жанжал шығарған барлық жолаушыны жауапқа тартпақ

Фото: pixabay.com
Оларды заңға сай 15 тәулікке қамауға алады.

25 ақпанда елорда әуежайында FlyArystan әуе компаниясының "Астана-Шымкент" рейсінің жолаушылары рейстің кешігуіне байланысты реніш білдіріп, жанжал шығарған болатын. Енді әуе компаниясы әуежайдағы жанжалға қатысқан барлық жолаушыны жауапқа тартпақ, деп хабарлайды Аstana TV арнасы.

FlyArystan әуе компаниясының хабарлауынша, 25 ақпанда әуе компаниясына қатысы жоқ себептерге яғни, Шымкент әуежайындағы ұшып-қону жолағы жұмысының шектелуіне байланысты "Астана-Шымкент" бағытында ұша алмай қалған жолаушылар жанжал шығарды. Олардың екеуі әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеген болатын.

Алайда компания мұнымен келіспейді және жанжал шығарған жолаушының бәрін жауапқа тартатынын мәлімдеді.

"Ауа райы салдарынан кешіктірілген немесе орындалмай қалған рейстер әуе компаниясына қатысы жоқ себептерге жататынын мәлімдейміз. Жолаушылар және экипаж қауіпсіздігі біздің басты басымдығымыз болып саналады; ал рейстің кешіктірілуі немесе орындалмауы жайлы шешім халықаралық әуе қауіпсіздігіне сай қабылданады" , - деп жазылған хабарламада.

Әуе компаниясының өкілдері рейстің орындалмауы туралы шешім кейбір жолаушылар арасында наразылық тудырғанын айтып отыр. Жолаушылар әуе компаниясы қызметкерлеріне дөрекілік танытып, қол көтерді дейді әуе компаниясында. "Аталмыш істері үшін жолаушылардың екеуі әкімшілік жазаға тартылды. Осындай жағдай қайталанатын болса, оларды заңға сай 15 тәулікке қамауға алады", – деп жазады FlyArystan баспасөз қызметі.