Өздеріңізге белгілі саяси науқанның басталуына 15 күн қалды. Осыған байланысты Түркістан облыстық сайлауалды штабының мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді. Соның бірі бүгін облыстық штаб құрамы Түлкібас ауданындағы «Састөбе» цемент зауытының ұжымына арнайы барып, жүзбе-жүз кездесті.
Жиын барысында штаб төрағасы Алынсары Үмбетәлиев ауылдағы еңбек адамдарының мәртебесі мен табысын арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін айтып, сайлауалды бағдарламадағы жоспарлармен бөлісті.
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман, ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек» - деп атап өткен болатын. Сондықтан «AMANAT» партиясы да әр адамның еңбек етуге мүмкіндігі болуы қажет, жұмыстан аман-сау қайтып, отбасымен бірге уақыт өткізіп, ертеңіне сенімді болуы керек деп есептейді. Ол үшін біз жұмыс орнындағы қауіпсіздікті бақылауды күшейтуді қолға алып, еңбек құқықтарының қорғалуын қамтамасыз етпекпіз. Біз қоғамымыздағы жалақы аздығы мәселесін шешуіміз керек. Партия барлық отандастарымыздың өз елінде, өзінің жерінде болашағына алаңдамай өмір сүруіне жағдай жасауға ұмтылуда. Біз мемлекеттік және азаматтық қызметкерлердің жалақыларын көбейту арқылы жалақы жүйесін қайта қарастырамыз. Қарапайым қызметкер жан-жақты қорғалуы керек. Партияның бағдарламасында зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің ерте зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Ірі бизнес орындары қызметкерлерінің денсаулығын сақтау үшін шығындар мен жауапкершілікті өз мойнына алуы тиіс. Сонымен қатар, еліміздің барлық кәсіпорындарында медициналық пункттерді ашуды қарастырып отырмыз, - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы өз сөзінде. Сондай-ақ, кездесуде партияның алдағы 5 жылда Түркістан облысында 143 мыңнан астам жұмыс орнын құруды, шамамен 3 600 жаңа жұмыс орнын құратын инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отырғандығы айтылды.
- Мен де осы зауытта 3 жылға жуық жұмыс істегенмін. Қажырлы еңбек, маңдай тер, адал қызметтің бағасын жақсы білемін. Еңбек адамының отбасы да жақсы өмір сүру керек. Балаларымыз жаңа мектепке барып, заманауи білім алуы қажет. Осы мақсатта өткен 2 жылда партияның ықпалымен облыста 65 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, алдағы 5 жылда жаңадан 57 мектеп соғамыз деп жоспарлап отырмыз. Соның біреуі 2024 жылы осы Састөбе ауылында бой көтереді. Одан бөлек, алдағы 5 жылда облыс көлемінде 4,4 млн. шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді көздеп отырмыз. Оның ішінде Түлкібас ауданында 2 тұрғын үй салынбақ. Біз бұған дейін мемлекетіміз қол жеткізген табыстарға қаншалықты үлесімізді қоссақ, жіберілген қателіктер үшін де соншалықты жауапты екенімізді терең түсінеміз. Сондықтан құрметті ағайын, Сіздерді 19 наурыз күні өтетін сайлауда «AMANAT» партиясын қолдап дауыс беруге шақырамын!, - деді төраға кездесу соңында.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.