Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтар жасаған адамдарға қатысты профилактикалық іс-шаралардың негізгілерінің бірі - профилактикалық есепке алуды және жеке профилактикалық жұмыстарды жүргізу болып табылады.
2023 жылдың 3 айында 2 мың 043 адам профилактикалық есепке алынды, 1 мың 810 адамға қорғау нұсқамасы шығарылды, 233 құқық бұзушыға ерекше мінез-құлық талаптары белгіленді. 65 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.
«Талдау көрсеткендей, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар отбасылық жанжалдардан, түсініспеушіліктерден, жұбайының жұмыссыздығынан, алкогольді ішімдік ішуінен, мүлікті бөлуден, туыстарының отбасылық өмірге араласуынан, қызғаныштан, сондай-ақ қиындықтарды жеңу дағдылары, агрессорға шамадан тыс тәуелділік салдарынан туындайды. Сонымен қатар, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңсыз әрекеттер жасырын сипатқа ие, бұл шынайы көріністі толығымен құруды қиындатады. Полиция қызметкерлері әртүрлі меншік нысанындағы мекемелер мен ұйымдардың, оқу орындарының ұжымдарымен кездесулер, сондай-ақ халықпен жиындар өткізіп, онда заңнаманы түсіндіріп, зорлық-зомбылыққа төзбеушілікпен қарау қажеттілігін айтуда. Бұл оң нәтиже беріп, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жауапкершіліктің бар екенін ескертеді», - деді, Алматы қалалық ПД ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Ақбота Әбілқасымова.
Сондай-ақ, ол, криминогендік жағдайды жақсарту, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Тұрмыс», «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Бақытты отбасы», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» алдын алу іс-шаралары тұрақты негізде өткізіліп жатқанын атап өтті.
ӘЗҚБ инспекторлары қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдер жүгінген кезде олардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету шараларын қолданады.
Жыл басынан бері Алматыдағы дағдарыс орталықтарына үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен 170 әйел жіберілген.