03.01.2024, 01:30

«Жүргенге жөргем ілінер» деп не үшін айтқан?

Фото: ашық дереккөзінен алынды

Етпен бірге былқылдап піскен жөргемді қазан асқан келіншектер мен отын тасыған ерлер жиналып, ошақ басында бөлісіп жеген. 

 

 

 

Халық арасында ұмытыла бастаған тағам түрлері бар. Солардың бірі – жөргем. Осы орайда, Skifnews.kz ақпарат порталы «жүргенге жөргем ілінер» сөзінің мәніне үңіліп, арнайы материал әзірледі. Әуелі жөргем тағамы туралы баяндасақ. 

Жөргем – малдың ащы ішегі мен тоқ ішегінен өріп жасалады. Мал сойғанда ащы ішек пен тоқ ішегін жуып тазалап, тұздағаннан кейін оны айналдырып тағы бір рет сумен шайқайды. Қазанға салып асуға қолайлы болу үшін ішектерді өткермелеп өреді. Ащы ішек жіңішке, әрі өте ұзын болатындықтан, оны тоқ ішек секілді жалаң қабат өре салмай бірнеше еселеп шумақтайды да, одан соң әлгі шумақтың белінен айналдыра шандып орап, ішектің ұшын бекітеді.

Жөргемді асуға да, турап қуыруға да болады. Майға қуырған жөргем дәмді болады.

Жөргемге: ішек – 100г, пияз – 0,5 бөлігі керек. Әдетке жөргемді дәміне келтіру үшін тұз, бұрыш себеді, дөңгелектеп туралған пияз қосады.

«Балаларға жөргем беріңдер. Ішек-қарынға су құйған еңбек – осылардыкі...» Бұл – біздің бала күнімізде ең жиі естіген сөзіміздің бірі ғой. Үйге сыйлы мейман келіп, қонақасы кәдесі беріле қалса, біз де "жөргем-сыбағамыздан" құр қалмайтынбыз. Келген қонаққа жағаласып, мазасын алмасын дейтін болуы керек, буы бұрқырап тұрған жөргемді ортаға салып, шүпірлеген балаларды бөлек бөлмеге жайлайтын. Төстің етегіне оралған тоқ ішек пен таспалап тілінген қарынға нан қосып жеп, тыңқиып тойып алған біздер үй қарасын көрмей ойнап кетуші едік.

Мал сойғанда ішек-қарынға су құю да үлкен жұмыс қой. Кішкентайдан еңбекке баулудың бір түрі ме, әлде, қыз баласы болған соң осындай тірлікті көзбен көріп өссін дейді ме екен, әйтеуір ойнап жүрген жерімізден шақырып алып, аршылатын ішек-қарынға су құйдырып қоюшы еді. Біз болсақ, кәдеге жарағанымызға мәзбіз. Кейін есейе келе анамызға әжептәуір қолғабыс болып, ішек-қарын аршуды үйрендік.

Нағыз ауыл дәмі мен балалық шақты еске түсіретін ұлттық тағамның осы бір түрін қазір неге әрбір қазақтың ас үй мәзірінен көре алмай жүрміз? Жасыратыны жоқ, бүгінде жөргем айналдыру былай тұрсын, ішек-қарын аршудың өзін үлкен бейнетті тірлікке балап, лақтыра салатын жандар бар. Тоқшылық па, әлде, ысырапшылдық па? Ара-жігі белгісіз. Ал, осы тамақ санатына жатқызбай мұрын шүйіре қарап жүрген асымыз кезінде өзегі талған, ашқұрсақ талай жолаушыға талғажау болғанын көнекөз әлі де ұмыта қойған жоқ. Олардың айтуынша, ертеректе ел қоныстан көшкенде ағашқа жөргем іліп кететін көрінеді.

Бұл халық аузында «жолаушы сыбағасы» деп аталса керек. Ел көшер алдында арнайы мал сойып, оның ішектерін пісіреді де, жақын маңдағы ағаштарға іліп кетеді екен. Қарны ашып келе жатқан жолаушы жөргемге кездессе, оны суға қайнатып, нәр алады деседі. Ел аузында қалған «Жүргенге жөргем ілінеді» деген тәмсіл осыдан қалса керек. Ал, атадан жеткен бұл жоралғы шын мәнінде, қазақ деген халықтың қонақжайлық дәстүрін қалыптастырып кеткені анық.

Бір қызығы, «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» демекші, біз әңгімелеп отырған әлгі жөргемді еліміздің әр өңірі әрқалай дайындайтын көрінеді. Мәселен, Арқаны мекендейтін ел жөргем деп тоқішектің ет пен шажырқай қосып өрілген түрін айтады екен. Ал, Жетісу өңіріндегі қазақтар өкпені бір елідей етіп жіңішкелеп іліп шығады да, ішек сияқты өрілген асты дәл осылай атаған.

  Бір айта кетерлігі, бұл ас қонақтың табағына салынбайды. Етпен бірге былқылдап піскен жөргемді қазан асқан келіншектер мен отын тасыған ерлер жиналып, ошақ басында бөлісіп жеген. Осылайша «қайнаған қазанда қасиет бар» деп бұйырған астан сыбаға жеп тарқасқан.