«Астана» концерт залында жаңа теміржол вокзалдық кешенінің ашылуына орайластырылған Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шараны ұйымдастырушылар - «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ, Астана қаласының әкімдігі және Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне шамамен 60-қа жуық жұмыс беруші (көлік және логистика, деңсаулық сақтау және білім беру, құрылыс және қызмет көрсету, сауда және қаржы және т.б) қатысуда. Барлығы шамамен 1 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылуда.
Шара барысында «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ және Астана қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы арасында ресми түрде ниет келісіміне қол қойылды. Онда жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша іс-шараларға тараптардың белсенді қатысуы қарастырылған.
Жалпы жыл басынан бері Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасуға көмек сұрап 3 701 адам жүгінген. Олардың 1 342-сі жұмысқа орналастырылды, соның ішінде 229 түлек жастар практикасына және 84 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 799 адам қатысуда. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен 2 141 адам қамтылған, бұл Орталық қызметіне жүгінгендердің жалпы санынан 57,8 пайызын құрайды. Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметтер базасында 1 078 жұмыс беруші және 3 010 бос жұмыс орны тіркелген. Сондай-ақ, мектептерде кәсіби бағдар беру шаралары қолға алынған.