Қазақтар Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, күннің «құты» дарыған кісі мол ырысты болады деп ырымдайды.
Көпшілікке пайдасы тиер деген оймен, қазақ этнопедагогикасының қайнар көздерінің бірі болып саналатын Наурызға қатысты ырымдар мен тыйымдар туралы қызықты мәліметті назарыңызға ұсынамыз.
Ең алдымен, айта кеткен жөн, Наурыз мейрамына қатысты ырымдар мен тыйымдардың терең тәрбиелік сырлары бар. Мұны аңғару қиын емес.
Наурызға қарсаңында ауыл-аймақ тазартылады. Жыл ішінде мал-жан ауру-сырқаудан аман болады деп ырымдайды.
Бұлақ көзін аршиды. Адамдар жаңа, таза киініп, шашын алып, бойын тазартып Наурыз мерекесін тойлауға шығады. Наурыз қарсаңында қазақ мойнындағы қарызынан құтылады. Мұның адамдардың арасындағы татулықты арттыруға қосатын өзіндік үлесі айтпасақ та түсінікті. Қазақ күнәсінен барынша арылуға тырысады, тәубесіне келеді. Ал күнәден арылу мен тәубесіне келу адамгершіліктің алғы шарттарының бірі деп түсінуге болады. Адамдар арасындағы татулық, бірлік, имандылық осыдан бастау алса керек.
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қуандық Оразбекұлының жазуынша, қазақтар Жаңа жылдың алғашқы таңы атып, күн шыққанда, күннің «құты» дарыған кісі мол ырысты болады деп ырымдайды, «Қызыр түнін» күзетіп шығады.
Таң бозарып ата бастаған кезде, ауыл-аймақта үлкен-кіші демей биіктеу жерге жиналып, күнге қарап:
-Армысың, Қайырлы Күн - Ана!
Армысың, кеудесі түкті Жер - Ана!
Жаңа жыл, жарылқа, жарылқа!» – деп, күнге тәу етіп, бата жасайды.
Бата, тілек қазақ халқының асыл қазыналары. Алдағы күнге үміт артып, бата жасап жатсақ мұның несі артық?!
Наурызнамада сойылған Көк өгіздің бауыздау қанымен балалардың маңдайына күн бейнесін салып, «Құты дарысын, сіңсін» - деп ырым етеді.
«Көк қаулап өссін, ақ мол болсын» - деп ырымдайды. «Құтаю» рәсімі бойынша жаңа бүр жара бастаған шыбыққа ақ бүркеді.
Пәле-жала, ауру-сырқау, реніш-қайғы өткен жылда қалсын, отпен жанып кетсін деп «Аластау» рәсімін жасайды.
Ұлыс күні жауған қар «Ақшақар», «Нұржауды» деп аталады. Ол басталатын жылдың ырысты болатындығының нышаны.
Наурыз күні қарға түскен құмалық батып кетсе, көктем ерте шығады, ал батпай қар бетінде қалса, көктем 40 күн кеш шығады, деп болжам жасайды. Ауыл ақсақаладары, көрші-қолаң «Ақ мол болып, көпшілікке бұйырсын» деген оймен бірін-бір «қымыз мұрындыққа» шақырады.