11.03.2024, 20:30

Тұрғын үйлердің сапасы жақсарар емес

Фото: egemen.kz

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі барлық тұрғын үйлердің 30%-дан астамы 1970 жылға дейін салынған және оның 2000-ға жуығы апатты жағдайда тұр.

Мемлекеттік бағдарламамен берілетін тұрғын үйлердің саны жыл өткен сайын артуда, бірақ сапасы әлі де болса халықтың көңілінен шықпай тұр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ел болып, етек-жеңімізді жинағаннан кейін 2000-жылдардың ортасынан бастап мелекет тұрғын үй бағдарламасын қолға алды. Бұл бағытта көптеген бағдарламалар жүзеге асырылды. Тұңғыш Президенттің 2004 жылғы 11 маусымдағы №1388 Жарлығымен «Қазақстанда тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, оны Н.Назарбаевтың 2007 жылғы 20 тамыздағы №383 Жарлығымен «Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мембағдарламасы» алмастырды.

2010 жылғы 30 қыркүйекте оның орнына Үкіметтің №1004 қаулысымен бекітілген «Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасы» келді. Алайда Үкімет 2011 жылғы 31 наурызда №329 қаулысымен «Қазақстандағы тұрғын үй құрылысының 2011-2014 жылдарға арналған бағдарламасын» қабылдады.

«30 жыл тұрақтылықтағы» шенеуніктердің өз уәдесі мен міндетінде тұрақтамағаны таңғалтады: бір өтер-өтпесте Үкімет 2012 жылғы 21 маусымдағы №821 қаулысымен «Қолжетімді тұрғын үй–2020» бағдарламасын» бекітті. Одан кейін «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту 2020», «Нұрлы жер» бағдарламалары болды. 2021 жылы 12 қазанда Үкімет өз қаулысымен қолжетімді баспана, тұрғын үй құрылысы мәселелерін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаға қосты. Үкіметтің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысы бойынша бекітілген тұжырымдамасында 2026 жылға дейінгі  тұрғын үй-инфрақұрылымды дамыту әр аймақтың жергілікті атқарушы органдарының жауапкершілігіне берілді.  Бұл қаулыға өзгерістер енгізіліп, тұжырымдаманың мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды.

Сонымен әзірге тұрғын үй құрылысына жергілікті атқарушы органдар жауапты. Демек қарапайым халық үй құрылысындағы сапа мәселесін жергілікті органдарға шағымданып барғанымен, жергілікті атқарушы органдардың «біз жеке компаниядан салып біткен дайын тұрған үйді сатып алдық, оның сапасына жауап бере алмаймыз» деген сылтаумен судан таза, сүттен ақ боп шығып жүр. Ал енді құрылыс компаниясын іздеп бара алмай, кімнен, қайдан жауап аларын біле алмай ортада тағы сандалып қарапайым қара халық қалды.

Кім болса да жылдар бойы жинаған қаржысына сапалы үй алып, сол үйде бала-шағасымен мәз-мейрам күн өткізсек деп ниеттенеді. Өкінішке қарай, қазіргі күні мемлекеттік бағдарламамен үй алғандар ең алдымен қосымша жөндеу жұмыстарымен әуре болуда.  

2023 жылы 10 қазандағы Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде 11,7 млн ​​шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, ал аяқталған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ға артты мәлімдеген болатын.

«Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6%-ға ұлғайды. 19 өңірде оң өсім тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсімі Маңғыстау, Жетісу, Абай және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Биылғы қаңтар-қыркүйекте 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға жоғары. Ең жоғары көрсеткіш Астана қаласында, сондай-ақ Ұлытау, Қызылорда және Абай облыстарында тіркелді», — деді Ә. Қуантыров.

Бірақ өкінішке қарай, жеке үйлеріне қол жеткізе алмай сабылып жүрген халықтың саны азаяр емес. Оған қоса ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елдегі барлық тұрғын үйлердің 30%-дан астамы 1970 жылға дейін салынған және оның 2000-ға жуығы апатты жағдайда тұр. Онда 29 000-нан астам адам өмір сүреді.

Ең апатты үйлер Атырау (379 үй) және Ақмола (202 үй) облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында (195 үй) тіркелді. Көшбасшы бес өңірге Батыс Қазақстан (175 үй) және Абай (127 үй) облыстары да кірді.

Бұл халықты  жаңа тұрғын үймен жарылқай алмай жүрген атқарушы органдар үшін қосымша салмақ болмағы түсінікті-ақ.