$ 494.87  520.65  4.91

Табиғи апатты аймақта жылжымайтын мүлікті сақтандыру барысында нені ескерген абзал

Сақтандыру ұйымдарының тізімін «www.gov.kz» сайтында «Қызмет» - «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінен таба аласыз.

Фото:  Pixabay
Фото: Pixabay

Алматыдағы жер сілкінісі мен дүмпулердің жиі болуы халықтың үрейін ұшырып, біразының қала сыртынан немесе сейсмикалық жағынан  тұрақты жерлерде орналасқан басқа қалаларға көшуіне себеп болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сонымен бірге бұл жағдай халықты тұрғын үй мәселесі жайында біраз ойландырып қойғаны анық. Өйткені табиғи апат айтып келмейді, және зілзала нәтижесінде зақымданған тұрғын үй, басқа да жылжымайтын мүлікке ешкім жауап бермейді. Мұндай жағдайда жылжымайтын мүлікті сақтандыру жолдарын қарастырған  абзал.

Жылжымайтын мүлікті сақтандыру дүниежүзінде кеңінен тараған қызмет түрі болғанымен, Қазақстанда әлі де болса сұранысы төмен.

«Бүгінгі күні Қазақстанда барлық жылжымайтын мүліктің 2%-дан азы сақтандырылған. Еліміздің 40 пайызға жуығы сейсмикалық аймақта орналасқанымен, азаматтар сақтандырудың маңыздылығына әлі де мән бермейді. Қаңтардағы Алматыдағы жер сілкінісі көпшілікті полис сатып алу туралы ойлануға мәжбүр етті, соған қарамастан біздің байланыс орталығына хабарласқандардың 6-7 пайызы ғана келіп, мүлкін сақтандырды», – деп түсіндіреді «Евразия» СК басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қарасты Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті жалпы сақтандыру жөніндегі компанияларды қадағалау және инспекциялау басқармасының бастығы Марина Матюгина 2022 жылы  29 сәуірдегі сұхбатында:

«Бұл ретте, халықаралық практикада мүлікті сақтандырудың едәуір дамығанын атап өту қажет, мысалы, Германияда ұлттық сақтандыру нарығының жартысынан көбін мүліктік сақтандыру алады, ал АҚШ-та тұрғын үйді сақтандыру жиналатын сақтандыру сыйлықақысының көлемі бойынша алдыңғы позициялардың бірінде тұр. Еуропаның кейбір елдерінде жылжымайтын мүлікті сақтандыру міндетті болып табылады, мысалы Дания, Голландия, Франция, Бельгия, Швейцария, Норвегия және Испанияда», - деп атап өтеді.

Бүгінгі күні іс жүзінде бәрін сақтандыруға болады: пәтер, қала сыртындағы жылжымайтын мүлік, өндірістік цех, автомобиль, тұрмыстық техника, кеңсе жабдығы, қоймадағы немесе сауда залындағы өнім, жиһаз және өзге де жылжымалы және жылжымайтын мүлік.

Барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікті бұзылудан, өрттен, жылыту жүйелерінен кеткен судан, ұрланудан, табиғи апаттардан (жер сілкінісі, найзағай түсу, су тасқыны, су басу, бұршақ, зілзала), кездейсоқ сыртқы механикалық әсерлерден және көптеген басқа нәрселерден қорғауға болады.

Сақтанушы үшін Сақтандырушы компания сақтандырудың әртүрлі шарттарын ұсына алады, ал кейде сақтанушының түрлі тілектері мен мүмкіндіктерін қанағаттандыратын арнайы сақтандыру өнімдерін жасауы мүмкін.

«Бұл ретте, сақтанушы зияннан сақтандырғысы келетін тәуекелдер неғұрлым көп болса, сақтандыру шартының құны соғұрлым қымбат болатынын ескеру қажет. Сақтандыру шартының құнына сақтандыру объектiсiнiң орналасқан жерi, пайдалану жағдайлары, өрт, техникалық, күзет жүйелерiнiң болуы мен жай-күйi және басқа да факторлар әсер ете алады. Бұл жағдайлардың барлығы сақтандыру шартында көрсетіледі. Мүлікті сақтандыру сақтандырудың ерікті түрі болғандықтан, сақтандыру шарттары, тәртібі және сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру мерзімдері шартта айқындалады», – дейді Марина Матюгина.

Сақтандыру шарты негізінен бір жылға жасалады, бірақ ол демалыс немесе іссапар уақытында қысқа мерзімді кезеңге де жасалуы мүмкін.

Сақтандыру шартында нақты тәуекелдер, мерзімдер мен талаптар, оның ішінде болжанбаған оқиғалар мен еңсерілмейтін күш жағдайлары туындаған кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыру талаптары туралы ақпарат болуы тиіс.

Қазақстандықтар мүлікті сақтандыру қажеттілігін әлі де жете түсінбеуде. Мәселен, 2020 жылы болған Қаңтар оқиғасынан соң мүлкі сақтандырылған кәсіпкерлер өздерінің сақтандыру төлемдерін алғанын, тиісінше сақтандыру оларды туындаған тәуекелдерден қорғауды қамтамасыз еткенін көрсетті. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша сақтандыру ұйымдары қаңтар оқиғаларының нәтижесінде туындаған сақтандыру жағдайлары шеңберінде 144,7 млн теңге төлемақыны жүзеге асырды.

Осыған байланысты, болашақта өзіңізді ықтимал тәуекелдерден қорғау үшін мүлікті ерікті сақтандырудың барлық артықшылықтарын білу пайдалы. Әрине, мұндай қызметті пайдалану үшін оның кейбір ерекшеліктерін ескеріп, сақтандыру келісімшартының барлық талаптарын мұқият зерделеп, түсініп алған жөн.

Мүлікті қандай тәуекелдерден сақтандырады?

Бұл - басты мәселе. Өзінің жылжымайтын мүлкін дұрыс сақтандыру үшін әрбір меншік иесі оның қандай тәуекелдерден сақтандырылуы маңызды екенін түсінуі тиіс. Криминогендік тұрғыдан қолайсыз аудандардың тұрғындары үйді бұзудан, ұрлықтан және өрттен жиі сақтандырады. Сейсмикалық қауіпті аудандардың тұрғындары – жер сілкіністерінен, жағалауға жақын орналасқан тұрғындар – су тасқынынан сақтандырады. Көп қабатты үйлердің тұрғындары көршілерден шыққан өрттен және мүліктің бүлінуінен сақтандыруды жиі таңдайды. Үйіңізді көршілерден аққан «су басып» кеткен жағдайда, олармен келісу мүмкін болмаған кезде, сіз сотқа жүгініп, сот талқылауларына барумен уақыт пен жүйкеңізді кетіресіз. Егер сізде сақтандыру болғанда, сіз өтемақы алатын едіңіз.

Алайда сақтандыру жағдайының орын алу ықтималдығы неғұрлым жоғары болса, сақтандыру құны да соғұрлым жоғары болатынын түсіну керек. Мысалы, егер сіз тұратын өңірде жер сілкінісі жиі болып тұратын болса, онда оның зардабынан сақтандыру қымбаттырақ болады.

Сақтандырушылар тәуекелдердің барлық тізбесін не олардың жекелеген түрлерін ұсынады. Мұнда әркім өзіне қандай тәуекелдер ең қолайлы екенін және олардан сақтандыру үшін қанша төлеуге дайын екенін таңдауға құқылы.

Елімізде жылжымайтын мүлікті сақтандырудың мына түрлерін қолдана аласыз:

Мүлікті сақтандыру – тұрғын үйді табиғи апаттардың, техногендік төтенше жағдайлардың немесе үшінші тұлғалардың келтірген зиянынан қорғау.

Үшінші тұлғалардың жауапкершілігін сақтандыру – сіздің кінәңізден үшінші тұлғалардың мүлкіне келтірілген зиянды өтеу. Сақтандырудың бұл түрі көбінесе мүлікті сақтандырумен бірге сатып алынады.

Титулды сақтандыру – жылжымайтын мүлікке құқықтарды жоғалту тәуекелінен қорғау. Бұл түр мүлікті сақтандыруды қайта сату үшін қолайлырақ, өйткені ол бұрынғы меншік иелерінің немесе олардың мұрагерлерінің тұрғын үйге құқықтарды даулау мүмкіндігін ескереді.

Тұрғын үйді жоғалтуды сақтандыру – мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі, бірақ кейде ғимараттың немесе пәтердің толық бұзылуы орын алады.

Ипотекалық сақтандыру – мүлікті, мүліктік құқықтарды, сонымен қатар қарыз алушының денсаулығы мен өмірін сақтандыруды қамтиды.

Сақтандыру түрін таңдау сіздің мүлкіңіз үшін нақты жағдайдың өзектілігіне байланысты.

Тұрғын үйді сақтандыру қандай тәуекелдерден тұрады?

Мүліктік залал келтірілген барлық жағдайлар үш санатқа бөлінеді: 1) табиғи апаттар мен техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар – өрттер, жер сілкінісі, көшкіндер, газ жарылыстары, су тасқындары және т.б.; 2) үшінші тұлғалардың әрекеттері – ұрлық, тонау, өртеу және т.б.; 3) сіздің кінәңізден үшінші тұлғаларға зиян келтіру – үшінші тұлғалар сіздің кінәңізден су басқан болса немесе сізде өрт немесе жарылыс болса, оларға келтірілген зиянды өтеу.

Бүгінгі таңда Қазақстанда ең көп сұранысқа ие сақтандыру – үшінші тұлғалардың жауапкершілігін сақтандыру. Бұл жағдайда сіздің пәтеріңізде өрт немесе басқа да күтпеген жағдай орын алса, сақтандыру компаниясы үшінші тұлғаға келтірілген зиянды өтеуге міндеттенеді.

Ең алдымен келісім құнына әсер ететін негізгі факторларды атап өтейік. Олар:

Сақтандыру сомасы; Мүліктің ерекшеліктері; Өтелетін тәуекелдер;

Сақтандыру келісімінің жарамдылық мерзімі және сақтандырылған мүлікті сақтау мен ұстауға байланысты басқа да факторлар.

Неге назар аудару маңызды?

Есіңізде болсын, барлық мәліметтер шартта көрсетіледі. Сақтандыру төлемі жүзеге асырылатын барлық талаптар мен жағдайларды, сақтандыру тетігі қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі зерделемей, оған қол қоюға асықпаңыз, осы не өзге компанияның төлемдері мен тарифтерін түсініп алыңыз.

Жақсы беделі бар сенімді сақтандыру компаниясын таңдаңыз. Бұл сақтандырушының қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган берген лицензиясының бар-жоғын тексеріңіз. Сақтандыру ұйымдарының тізімін «www.gov.kz» сайтында «Қызмет» - «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінен таба аласыз.

Шарттың барлық талаптарымен мұқият және егжей-тегжейлі танысып шығыңыз. Бір компанияда тоқтамаңыз. Басқа сақтандырушылардың талаптарын салыстырыңыз.

Әсіресе мына ақпараттарға мұқият назар аударыңыз:

ұйым өкілдері сақтандыру жағдайына нені жатқызады; сақтандыру полисі нені жабады; қандай ерекшеліктері бар; қандай тәуекелдер сақтандырумен жабылады, ал қайсысы жабылмайды; сақтандыру жағдайы туындаған кезде не істеу керек және ол үшін қандай құжаттар қажет.

Сақтандыру төлемі қандай жағдайларда төленетінін және төленбейтінін нақтылаңыз. Егер сіз өз мүлкіңізге өзіңіз зиян келтірсеңіз, онда компания зиянды өтемейді. Қандай жағдайда компания төлемді жүзеге асыратыны көрсетілген шарттың бөлігін мұқият оқып шығыңыз. Төлем мөлшері, сондай-ақ сақтандыру жағдайларының тізбесі шартта көрсетіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары