27.05.2024, 04:30

Ашаршылық – ғасыр қасіреті: Неліктен шетелдік ғалымдар оны геноцид деп танымайды?

Фото: egemen.kz

Бізде шетелдіктерге берілмейтін құпия құжаттар көп.

31 мамыр – Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі, жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы ашаршылық жайлы мағлұматтардан шолу дайындады.

Зертеуші ғалымдар Қазақстанда бір ғасырда үш бірдей ашаршылықты бастан кешкенін айтып, оны үш кезеңге бөліп қарастырады:

—1919 — 1922 жылдардағы аштық (1,5 млн адам) —1931 — 1933 жылдардағы аштық (2,5 млн адам) —1946 жылдары болған аштық.

Әрине, бірінші ашаршылық та сұмдық болды. Бірінші ашаршылық 1919–1922 жж. болған. Осы жылдары аштық кезінде 1,5 млн жуық адам шығыны болды. Ол көбінесе елдің оңтүстік аймақтарын қамтыды, нақ осы және басқа да деңгейде Қазақстанның барлық тұрғындары да зардап шекті.

Екінші ашаршылықта әртүрлі мәліметтер бойынша, 1930-1933 жж. 1,5 млн-нан 2,5 млн-ға дейін адам шығыны болды.

Ал, үшінші ашаршылық соғыстан кейінгі еліміздегі экономикалық ахуалдарға байланысты туындады. Бірақ та, бұл ашаршылықты сол жылдары халықтан жасырын түрде ұстады.

Осылайша, қазақтар іс жүзінде 15–20 жылдың ішінде халқының жартысына жуығынан айырылды. Әлемдік тарих мұндай кең ауқымды ашаршылықты білген емес. Сондықтан, осы қасіретті әрбір қазақ білуге міндетті және есте сақтап, ұмытпауымыз тиіс.

Қазақ жерінде ашаршылық салдарынан демографиялық ахуал күрт төмендеп кеткен болатын. Оның айқын көрінісі ретінде тарих беттерінде қалған 1931–1933 жылдары қазақ халқының басына төнген ең бір қасіретті «Ұлы жұт» кесірінен кешегі күнге дейін қазақ халқы өз жерінде демографиясы жағынан азшылық топта болғаны.

Ашаршылық кезінде қаншама қазақ қыршынынан қиылды. Оған дәлел мұрағат қойнауында сақталған көптеген ресми құжаттар. Ұлт зиялысы М. Тынышбаевтың есебі бойынша «Қазақстанда 1917 жылы 2 910 000 қазақ өмір сүрген болса, ал М.Г. Сириустың 1924 жылғы жүргізген санағы бойынша қазақтар саны 1965 443 әрең жетіп жығылған» — деген мәліметтер көрсетілген [1, 260 б.].

 Ал, белгілі демограф—ғалым М. Тәтімовтің есептеуінше "1931–1933 жж. ашаршылық Қазақстанда өмір сүрген 2,5 млн адамның, соның ішінде 2,3 млн қазақтардың және 200 мың келімсектердің қайтыс болғаны анықталды. Отырықшы келімсектер арасында аштықтан өлгендер 10%—ға жетсе, көшпенді қазақтар арасында бұл көрсеткіш 52—53%—тен асып кеткен. Осыдан 17–18% жергілікті тұрғындардың Қазақстаннан біржола көшіп кеткен"—деген мәліметтерді есепке алсақ, қазақ халқының саны өз жерінде осы кезеңде 70% дейін кемігені көрінеді [2, 17 б.] Бұл деректер осыған дейін жарияланған мәліметтердің орташа есебімен сәйкес келеді. Тағы бір естелігінде ағамыз М. Тәтімов: «1879, 1926, 1939 жылдардағы халық санағының нәтижелері жөніндегі мәліметтерді қолға түсіріргенмін. Көзімнің жеткені — 1939 жылғы санақта қазақ халқының санын айтарлықтай асырып жазғандығын аңғардым. Сонда, озбыр саясат «орыс емес» ұлттарды аяусыз қырып—жойғандығын жасырып қалғысы келген«,— деп пайымдаған болатын.

1879 жылғы санақта қазақтар 5 млн. болса, арада 42 жыл өткен соң 1939 жылғы санақта қазақтар 2 млн. 300 мың болды. Яғни екі есе азайды. Осыған қарап отырып, 42 жылда қазақтар азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай колхоздастыру, 1932–33 жылдардағы аштық, 1937–38 жылдардағы репрессия салдарынан миллиондаған адамынан айрылған деуге әбден болады. Осы екі санақ арасында орыстар — 30, өзбектер — 24, қырғыздар — 16 пайызға көбейсе, қазақтар — 22 пайызға, украиндықтар — 21 пайызға кеміген. (e-history.kz сайтынан алынған дерек)

ХХ ғасырдың 30—жылдар басында өткерген сол бір нәубет ашаршылықты жасаған, жаппай ұжымдастыру идеологиясының негізін салушы, сонымен қатар Қазақстандағы «Кіші Қазан» төңкерісінің негіздеушісі, Сталиннің ұртоқпағы — Ф. Голощекин болатын. Голощекиннің келе сала қолға алған ісі — жаппай кеңестендіру жүйесін енгізіп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығын өзгертуге бағытталған идеясы.

Күштеп ұжымдастыру тәсілдері астық, ет дайындау науқанын көп мөлшерде орындау қажеттігіне қарамастан, қазақ көшпелі өмір салтын отырықшыға айналдыру стратегиясы 1929 жылдан бастап Қоныстандыру басқармасының әзірлеген шаралары негізінде жүзеге асырыла бастады. 

Ұжымдастыру саясаты салдарынан қазақ жерінің көптеген аудандарында аштық жайлады. Ашыққан шаруалардың басым бөлігі туған жерін тастап қалаларға шоғырланды, шекара асып басқа елдерге қоныс аудара бастады. 1930–1933 жылдардағы жаппай кеңестендіру саясаты жергілікті халықтың наразылығын тудырып, алғашқы бастамасы күшпен ұжымдастыру аштық пен халықтың үдере көшуіне әкеліп соқты.

Қазақ халқының үдере көшу көлемі туралы қазақтың белгілі ұлы тұлғасы Тұрар Рысқұловтың И. Сталинге, В. Молотовқа жазған (1933 ж. 9 наурыз) хатында: «...Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен—жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде — 40 мың, Қырғызстанда — 100 мың, Батыс Сібірде — 50 мың, Қарақалпақстанда — 20 мың, Орта Азияда — 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге де көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды... Бұл қазақтардың көші қоны емес, басы ауған жаққа кетуі.» — деген мәліметтерді көрсетеді [1, 262 б.]

Сонымен қатар, аштық кесірінен елде әр түрлі жұқпалы аурулар етек жайып, өлім-жітім саны ұлғая түсті.

«Жас тұлпар» ұйымының жетекшісі, әйгілі жазушы Мұрат Әуезовтің Алматыдағы ЖОО—дағы замандастарымен болған бір кездесуде: «1932 жылы миллиондаған қазақтар құрбан болды, олардың ішінде білімді азаматтар да кетті. Мұның бәрін, қазіргі біздің жастар білуі тиіс және есте сақтауы керек...» — деген болатын [3, 221б.]. Ал академик М. Қозыбаев «1930 — 1933 жылдардағы ашаршылықта халықтың 52%—ы қырылды» деп көрсетеді.

«1933 жылы Голощекиннің орнына Мирзоян келді де, Қазақ­станның барлық облысында комис­сия құрды. Құрамына облыстық партия комитетінен, облыстық ат­қару комитетінен мамандар кіретін комиссияның міндеті ең бірінші кезекте әрбір қазақ ауылы, колхоз-совхоздары мен қалаларында аш­тыққа дейін адам саны, мал басы, егіс көлемі қанша болды, аштықтан кейін қаншасы қалды деген мәсе­лені анықтау еді. Сол фактілер мұрағаттарда болуы керек. Ендеше біз осы мәселе бойынша зерттеу то­бы ма, бәлкім, орталық құрсақ дұ­рыс болар еді. Мүмкін, сол материалдар табылар ма еді?» деп үміттенеді профессор, тарихшы Мәмбет Қойгелді.

Жазушы Таласбек Әсемқұлов «Аштық және соғыс» атты әйгілі мақаласында: «Барнаулдан Саратовқа дейінгі аралықтағы бүкіл Түрксіб және басқа теміржолдардың бойы сам­саған өлік болды. 1933-35 жылдары мыңдаған адамнан құрастырылған командалар тек жартылай шіріген адамның өлексесін көмумен ай­налысты. Совет өкіметі сахарадағы каннибализм фактілерін мұқият жасырды. Ферғананың қалаларында қазақтардың өз балаларын астыққа немесе бір үзім нанға айырбас­та­ғандары әредік болса да баспасөзде айтылатын, бірақ қазақ даласында адамның етін жеу дағдысының елес бергені жайындағы деректер барынша жасырылып отыратын. Көптеген адам өзіне қол салған» деп ашынады.

Белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақтың қасіреті» атты кітабының авторы Талас Омарбеков «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында:

Біз тек қана «қазақ жартысынан айы­рылып қалды», «ашаршылық болмаса бәрі бұлай болмайтын еді» деген са­рындағы пікірлермен шектеліп қал­май, осынау қасіретті жылдар ұлттық та­мы­рымыздан ажыратып, ділімізден жаңыл­дыра жаздағанын түйсінсек игі. Міне, ашаршылыққа осылай баға беруіміз керек. Қаймақтарымызды қалқып алды, барымызды тартып алды. Алашорданың қайраткерлерін айтпағанда, қаншама иманды тұлғаларымыз, рухани көсемдеріміз болған зердесі терең зиялыларымыз жа­зық­сыздан жан кешті. Өзінің туған баласын суға лақтырып, адам етін жеуге дейін барған кездер болды. Қазаққа төнген ашаршылық – ешбір адамзаттың басына тілемейтін жан түршігерлік, ғасыр қасіреті деп бағалауымыз керек. Оның рухани салдарлары бертінге дейін аға ұрпақтың санасындағы  үрейлене еске алатын ең сұрықсыз көрініске  айналды. Қазақты дәстүрлі жолдан тайдырудың ең үлкен көрінісі осы ашаршылық, - дейді.

Сондай-ақ тарихшы неліктен осынау қасіретті жағдайды ашық түрде геноцид деп жариялай алмауымыздың, әрі шетелдік ғалымдардың оны геноцид деп қабылдамауының мәнісін түсіндірді.

Тарих математика секілді. Жаңсақ пікір, жалған болжам жүрмейді. Біз неге геноцид деп баға бере алмай отырмыз?  1948 жылы БҰҰ қабылдаған геноцид туралы конвенцияда «Геноцид дегеніміз – белгілі бір халықты, тайпаны қасақана жойып жіберу үшін жүргізілген саясат» деп жазылған. Си­паты жағынан геноцид болғанымен халықаралық қоғамдастықтың қағидасына сай­ кел­мейді. Сондықтан біздің билік түп­тің түбінде БҰҰ-ның геноцид туралы қаулысына «әдейі қыруды көздемесе де, қате реформалар жасап халықты жойып жібере жаздаған саясатты да геноцид  деп атау керек» деген толықтыру жасатуға тиіс. Шетел зерттеушілерінің көпшілігі Мәскеу архивіндегі деректерге сүйенеді. Сара Камерон, Пианчиелло Қазақстанның архивіне келіп те жұмыс істеді. Мәселені бағалауға келгенде бізбен де ақылдасқан тұстары бар. Дегенмен, олар біздің айтқанымызды түсіне алмайды. Түсіне алмайтын себебі қазақтың дәстүрлі қоғамын, мал шаруашылығы халықтың құты-бағы болғанын, соған тікелей тәуелді болғанын жанымен түйсіне алмайды. Біздегі ашаршылық құбылыстарын Украинадағы ашаршылықпен салыстырып немесе сол кезеңдерде орын алған Ніл бойындағы ашаршылықпен шендестіргісі келеді. Бәріне түрткі күштеп ұжымдастыру болғанымен, себептері сан қилы. Мәселен, украиндар дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысқан жоқ. Ет тағамдарына тәуелді болған жоқ. Ал біздің Қазақстанда 70 аудан болды. Сол аудандарда бүкіл қазақтың 83 пайызы өмір сүрді. Міне, осы аудандарда қырылған халық негізінен дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар еді. Шетелдіктер тарихи трагедияның сипатын әділ таразылау үшін ең алдымен қазақтың отырықшы және жартылай көшпелі шаруашылығын зерттеп, ұлттық ерекшелігін тануы керек, - деді ол.

Әрі қарай шетелдік ғалымдардың мақсаты қазақ елінің жыртысын жыртып, қазақ ұлты үшін тарихи әділдікті орнату емес, елең еткізер өткір тақырыппен көзге түсу екенін түсіндіріп өтті.

Мен олардың кей­бірімен жүздестім де. Олар қазаққа жаны ашығаннан кейін, осы халық жер бетінен жойылып кете жаздапты ғой деп зерттеумен айналысып жүрген жоқ. Бұл іспен шұғылдануының әртүрлі себебі бар. Пианчиелло Италияда зерттейтін тақырып қалмағаннан кейін біздің тарихпен айналысып жүр. Камерон да Американың шолақ тарихы түгесілген соң бізге бет бұрды. Халқының тарихы 95 пайызға зерттеліп қойған жапондық Томохиконың ниеті де  сол. Екінші себебі олар халықаралық қоғамдастық елең ете қалатын өткір тақырыптарды тауып,  халықаралық ғылыми мекемелерден қомақты гранттар ұтып алады. Бұл дегеніңіз өте үлкен ақша. Қазақтың қасіретіне жүрегі ауырып, қазақтың тарихын жүйелеп берейік, көмектесейік деп жүргендер жоқтың қасы. Осыны ескеруіміз керек. Біздің тарихымызға жүрегі ауырып, шынайы зерттей алатын тек өзіміздің тарихшылар ғана. Бізде шетелдіктерге берілмейтін құпия құжаттар көп. Олар оған кірмей біздің шынайы тарихымызды жаза алмайды. Сөздің түйіні: қазақтың тарихы қазаққа ғана керек, - деді тарихшы Талас Омарбеков.

ХХ ғасырдағы болған алапат ашаршылық 7 миллион адамның өмірін жалмаған адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі. Сол уақытта ашаршылық тек қазақ жерін ғана емес, сондай ақ Ресей, Украина, Белорусь жерлерінде қамтыды. Бірақ та, қазақ осы жасанды саясаттың ең қатты зардап шеккендердің бірі.

Қорыта келгенде мамандардың айтуынша, ашаршылық басталған 1932 жылы туылған 10 қазақтың біреуі ғана аман қалып отырған. Халықтық жалпы қасіреті жадында сақталып қалған елін сүйген азаматтар Кеңестік биліктің қатаң бақылау саясатына қарамастан, тарихтың ащы шындығын болашаққа жеткізуге тырысып жатты. Әрбір қазақ шаңырағын шайқалатын ашаршылық тарихына қызығушылар саны жылдан-жалға артып келеді. Себебі, ашаршылық қасіреті елдің жадынан ешқашан ұмытылған емес және ұмытылмайды. Ал, бүгінгі ұрпақ кеңестік дәуірдегі әлеуметтік тәжірибелер, адам құқықтарын таптау және осы сияқты келеңсіз құбылыстардың қайталанбауы үшін өткен тарихымызды білуі тиіс. Шын мәнінде, бүгінгі жастар ашаршылық тарихын білуі керек және оның құрбандарын ұмытпауы тиіс. Өткен тарихтың ақиқатын халыққа жеткізу арқылы оның сабақтарын әрқашан есте сақтауымыз керек.

ТУҒАН БАЛАСЫН ӨЛІМГЕ ҚИҒАН ӘКЕ

Бір қарт кісінің әйелі, балалары аштықтан қырылып, тек бір жас ұлымен екеуі ғана тірі қалыпты. Шал күн сайын қақпан құрып, сарышұнақ тышқандарды аулап күнелтеді. Жеті-сегіз күндей қақпанына ештеңе түспейді. Әкелі-балалы екеуі де әбден ашығады. Әсіресе, баланың жағдайы қиындап, күннен күнге әлсірей береді. Әке құдайға мінәжат етіп, өзіне-өзі шарт қояды: «Тағы да үш күн күтейін. Егер осы үш күн ішінде қақпанға ешнәрсе түспесе, баламның өзін сойып жейін. Мен өліп қалсам балаға ешкім қарамай, бәрібір аштан өледі. Ал мен тірі қалсам, заман түзеліп, кейіннен балалы болармын» — деген ойға бекінеді. Сонымен үшінші күн дегенде шалдың қақпанына екі сарышұнақ түсіп қалыпты. Енді бұдан кейін күн сайын қақпан құр болмайды. Сөйтіп, бала осылай өлімнен аман қалған екен… 1931–1933 жылдардың аштығында елдің көрмеген қорлығы, тартпаған азабы қалмады. Арам ба, адал ма оған қарап жатпай, тамақтан өткен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, сарышұнақ дегеннің бәрін жеген. (4, 263–266 бб.)

Күшікбаева Тілеулес ананың ашаршылық азаптары туралы әңгімелерінен

 

 

 

Сілтемелер:

1.            Омарбеков Т. «Қазақстан тарихының ХХ ғасырдағы өзекті мәселелері» Алматы: «Өнер», 2003.— 552 бет

2.            Тәтімов М. «Қазақ әлемі (Қазақтың саны қанша?) — Алматы: Атамұра, 1993.— 160 б.

3.            Кыдыралина Ж.У. Нация и история. — Астана: Елорда, 2009. — 221 б.

4.           Ашаршылық. Голод. 1928–1934. Документальная хроника : — Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2021. — 604 б.