Қазір жол көлігінің тығыздығы 7 балдық көрсеткішке жеткен.
Жылда жаз мезгілі басталысымен, еліміздің көп қалаларында жол құрылысы үдеп кетеді. Бұл өз кезегінде кептелістердің артуына әсер етеді. Елорда да кептелістерден ада емес, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Күні кеше ғана Астанада кептелістің ұлғаюына байланысты көліктерге автобус жолағымен жүруге рұқсат берілді.
Астана қаласының полиция департаменті елорда жолдарындағы өзгерістерге түсіністікпен қарап, сапар алдында оны ескеруді сұрайды.
Астанада кептеліске байланысты автомобильдерге автобус жолағымен жүруге уақытша рұқсат берілді.
Астана әкімдігі жасаған хабарландыруда:
«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Қаланың магистральдық көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, жолдың жүру бөлігіне асфальт төселіп, жол белгілері қойылуына байланысты автокөлік қозғалысы уақытша шектеледі. Осыған байланысты көлік жүктемесін төмендету мақсатында 14 маусым мен 1 шілде аралығында Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарының бүкіл бойында, сондай-ақ Сарайшық және Сарыарқа көшелерінде „Сергек“ камераларымен автобус жолақтарында қозғалысты тіркеу уақытша тоқтатылды», - делінген.
Астана қаласының полиция департаменті де елорда жолдарындағы өзгерістерге түсіністікпен қарап, сапар алдында оны ескеруді сұрады.
«Өз қауіпсіздігіңіз үшін жылдамдық режимін сақтауды және көшелердің жабық учаскелерін ескеріп, өз бағытыңызды алдын ала жоспарлауды сұраймыз», - дейді әкімдіктен.
Астанада бірнеше күннен бері қолданбалар мен карталарда жолдардың көбі "қою қызыл" түсті көрсетіп тұр, яғни жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты қазір кептелістер 7 балдық көрсеткішке жеткен.
Елордада кептеліс бойынша әдеттегі балл – 5, таңертең астаналықтар жұмысқа немесе балаларын мектепке апарған кезде қолданбалар негізінен осы санды көрсетеді.
Жазда оқушылар демалысқа шығып, елорда көшелерінде көлік азайып, кептеліс болмайтын. Алайда биылғы жаз бұрын-соңды болмаған көлік кептелісімен басталды.
Астананың сол жағалауындағы көп көшелер қосымшада "қою қызыл" түсті көрсетіп тұр, ал кей жерлерде тіпті "қара" түсті көрсетеді. Карталардағы "қара" түс жол жөндеу жұмыстарына байланысты көшенің толық жабылғанын білдіреді.
Қазір Мәңгілік Ел, Қабанбай батыр даңғылдары мен олармен қиылысатын көшелердегі жағдай күрделене түскен. Сарайшық көшесінің Тұран даңғылынан Момышұлы даңғылына дейінгі бөлігі толығымен қара түспен белгіленген, себебі мұнда 17 маусымға дейін жөндеу жұмыстары жүреді.
"Сарайшық көшесінің Б.Момышұлы даңғылынан Тұран даңғылына дейінгі бөлігінде осы жылдың 13 маусымы сағат 21:00-ден 17 маусым сағат 06:00-ге дейін жол бөлігінің үстіңгі қабатын төсеу жоспарлануда. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан қала жолдарында кептеліс болмауы үшін бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз", - делінген әкімдік хабарламасында.
Құрылыс салдарынан астаналықтар онлайн карталар қосымшасында жол-көлік оқиғалары мен жолдардың жабылуына шағымданып жатыр.
"Қандай данышпан бәрін жауып тастауды ойлады екен", "Кептеліс", "Бәрі мұңды", "Жаяу жүрсем ендігі жетіп алатын едім", "Кептеліс тозағына тап болғандаймыз", "Самокат сатамын", "30 минут – 30 метр", - деп шағымданған жүргізушілер.
Өткен жылғы көрсеткіштер бойынша Астанаға күнделікті 90 мыңға жуық көлік келіп-кетеді. Ал қаладағы көлік саны 430 мыңға жуықтайды.
Кептелес уақытында көлік көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары және т.б. Осы мәселесін шешу үшін түрлі шаралар қолданылады. Елордада зияткерлік көлік жүйесінің арқасында көлік жылдамдығы 18%-ға ұлғайды. Ал жол жүрудің орташа уақыты 20%-ға азайды. "Ақылды" бағдаршамдардың арқасында көлік қозғалысы жеңілдетілді. Шаһарда олардың 40%-дан астамы зияткерлік функциялармен жабдықталған. Алдағы уақытта бағдаршамдардың шамамен 80%-ы аталмыш жүйемен қамтылмақ.
Дегенмен оң және сол жағалауды қосатын көпірлердің салынуы кептелістерді төмендетудегі ең дұрыс қадамдардың бірі болды. 2022 жылдан бері Алматы мен Есіл аудандарын байланыстыратын бірнеше көпір қолданысқа берілді. Десе де жылда жазда қайталанатын жол құрылысы салдарынан кептеліс артпаса, толастар емес. Биыл жөндеуден өткен жолдар алдағы жылдары тағы жөнделіп жатпасына кім кепіл?