$ 494.87  520.65  4.91

Бес жұлдызды түрме: Қазақстанда фитнес залы мен сахнасы бар колония салынбақ

2014 жылы жеке түрмелер пайда болатыны алғаш рет жарияланған еді.

Фото: dzen.ru Новегиядағы Хальден түрмесі
Фото: dzen.ru Новегиядағы Хальден түрмесі

10 жыл бұрын көтерілген жағдайы жақсартылған түрмелер салу идеясы бүгінде толғағына жетіп қалған сияқты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Голос народа» басылымының сұратуы бойынша ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) бұл бағытта жүріп жатқан жұмыс барысын растап, 2024-2026 жылдары жаңа технологиялардың қолданылуымен 1500 адамға арналған арнайы жаңа мекеме салу жоспары бар екенін білдірді.

ҚАЖК Президенттің атына «Мемлекеттік сатып алу туралы» (тікелей шарт жасасу арқылы) Заңның 39-бабы 3-тармағының 56) тармақшасына сәйкес тікелей келіссөздер және шарттар жасасу арқылы МЖӘ  жобасын мақұлдау туралы өтінішпен хат жолдады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобасына қол қойылса, жаңа түрме Маңғыстау облысында салынбақ екен.

Тікелей келіссөздер арқылы МЖӘ жобасы мақұлданса, 2024-2026 жылдары Маңғыстау облысында жаңа технологияларды пайдалана отырып, 1500 орындық жаңа мамандандырылған мекеме салынады. Бұл аймақта жаңа мекеменің құрылысы сотталғандар үшін жалпы халықаралық стандарттарға (Нельсон Манделла ережелері) сәйкес жағдай жасайды, сонымен қатар сотталғандарды казармалық қамаудан камералық ұстауға кезең-кезеңімен көшуді қамтамасыз етеді, аймақтағы әлеуметтік шиеленісті жеңілдетеді, - делінген Рүстем Тұңғышбаевтың ресми жауабында.

ҚАЖК түсіндіргендей, олар жеке түрмелер салғысы келеді. Себебі еліміздегі түрмелердің қазіргі жағдайы өте нашар, тозығы жеткен екен. Қазақстанда жалпы саны 79 түзеу мекемесі бар. Оның 3-і сонау өткен ғасырдың 30-жылдары, төртеуі 40-жылдары, он алтысы 50-жылдары, ал қалған 56 мекеме 60-80-жылдары салынған.

ІІМ ҚАЖК төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Рүстем Тұңғышбаев : Бұл мәселені шешу үшін Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мекемелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оның ішінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа ғимараттар мен құрылыстар салу бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде, - деді.

Айта кетейік, 2014 жылы Қазақстан аумағында жеке түрмелер пайда болатыны алғаш рет жарияланған еді. МЖӘ әдісі бойынша бірден 6 колония салу жоспарланған-тын.

Мұндай құрылыстың пайдасына негізгі дәлел қолданыстағы колониялар ғимараттарының жоғары физикалық тозуы болды.

Жеке түрме ғимараттарының кешеніне медициналық блок, мектеп, дүкені бар мәдени-спорттық (фитнес залы бар) блок, кітапхана, шаштараз, акт залы кіретіні айтылды. Тұтқындар сыйымдылығы 46-48 адамдық 15 тұрғын үй блогында тұратын болады деп жоспарланды.

Жалпы, түрме емес, бірнеше жұлдызды қонақ үй деуге келеді.

Бір кемшілігі, мұндай құрылыстың шығыны өте үлкен сомаға татиды екен. Бір нысанның сметалық құны 25 миллиард теңгені құрады, сондықтан 2017 жылы үкімет бұл идеядан бас тартты.

Десе де, қазіргі күні бұл идея жалғасын тауып, жүзеге асу ықтималы артқан сыңайлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 9
Күлкілі 2
Ашулы 3

Серіктес жаңалықтары