Облыстың Абай ауданындағы 56 үй сүрілетін болды, деп хабарлайды «7 арна».
Жалпы, бұл үйлердің тағдыры әлдеқашан шешіліп қойған екен. Бірақ, оған қаржы мәселесі қолбайлау болып тұр. Ал былтыр қажетті қаржы қаралып, бұзу жұмыстарына 204 млн. теңге бөлінген. Ол аздай, биыл ол 4 млрд. теңгеге жуық қаржымен толыққан. Тоз-тозы шыққан бұл үйлер адам өміріне қауіп төндіре бастаған. Жергілікті биліктің айтуынша, соңғы уақытта үгілген құрылыс заттарының бөлшектері жерге құлай бастаған. Сондықтан биыл отызға жуығы бұзылса, қалғаны келесі жылға жоспарлануда. Ал құрылысшылардың арасында осы аулада кезінде доп тепкендер де бар екен.
Жергілікті тұрғындар жұмыс аяқсыз қала ма деп алаңдаулы. Көкейлерінде жаңа баспаналар тұрғызылып, қала сәулеттене түсе ме деген үміт те жоқ емес. Айтуларынша, бұл иесіз қалған үйлер он бес жылға жуық қаңырап бос тұрғын. Алдын ала белгілі болғандай, оларды бұзуға жарты млрд. теңгеге жуық қаржы қаралған. Бірақ тұрғындар оның орнына үйлерді қайта қалпына келтіріп, жөндеуге де болатындығын айтуда.
Осы мәселеге байланысты жергілікті билік өкілдері біздің тілшілерге мән- жайды түсіндіріп берді. Олардың айтуынша, өткен жылы бұл 56 үйді мамандар жіті тексеріп шыққан және «қайта жөндеуге келмейді» деген қорытынды шығарыпты.
– Бұзылған ғимараттардың орнына көп уақыт өтпей-ақ жаңа үйлер тұрғызылатын болады. Ол жерден әрқайсысы 46 пәтерлік екі тоғыз қабатты үй бой көтереді деп күтілуде, – дейді Абай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Жәкенов.