Шымкенттік Бақдәулет Шолақов үш жыл бойы ауыр дертке шалдыққан анасын бағуда. 13 жасар бала қазір үйіндегі жалғыз қолғанат, деп хабарлайды «Жетінші арна».
Мүгедектер арбасына таңылған анасы Мәриям Шолақованың омыртқасына бірнеше ота жасалған. Ауруынан арылғаннан кейін 20 жыл бой аман-есен жүрген Мәриямның дерті күрт асқынып, ол соңғы үш жылда қайтадан арбаға таңылып қалыпты.
Әр таң сайын анасының аяғын уқалау Бағдәудеттің күнделікті жұмысы. 13-ке енді болған бозбала анасының індеті асқынғаннан кейін ерте есейген. Өзге балалар сияқты ойын қуып, доп ойнау оған мүлде жат құбылыс болып кетен.
– Күніге азанда тұрып, маманың беті қолын жуамын. Сөйтіп шайын беру керек. Одан кейін түске қарай тамағын істеп, шай берем. Кешке тамақ істеймін. Киімдерді жуу керек, – дейді ұлы Бағдәулет Шолақов.
Мәриямның жасы қазір 44-те. Омыртқасына жасалған отадан кейін 20 жыл еш уайымсыз өмір сүрген оның денсаулығы соңғы үш жылда сыр берген.
– 5-6 см саусақ сиып кетеді ішіне. Көбінде жүрегімді қысып, қатты ауырады. Жөтеліп шашалған кезде өліп қала жаздаймын. Кеңірдегіме келіп тіреліп қалады да ауа жетпейді есімнен танып қаламын. Кеше екі мәрте есімнен танып қалдым. Балам байқамады. Ұйықтап жатыр деп ойлады, – дейді бірінші топтағы мүгедек Мәриям Шолақова.
Ал төсекке таңылған жалғыз басты ананың жақындары болса, Мәриямның осы хәлге түсуіне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды деп отыр.
– Бұл ауру бұрын мазаламайтын. Қазір асқынып кетті. Себебі неден болуы мүмкін екенін интернеттен қарадым. Ол остиопароздың алғашқы белгілері екен, – дейді туысы Гүлзипа Мылтықбаева.
Ал емханадағылар болса Мәриям Шолақованың қазіргі жағдайына байланысты қандайда бір сұхбат беруден бас тартты. Алайда кейіннен емхананың бас дәрігері хабарласып, ішкі тексеріс жүргізуге уәде берді. Мүгедек ананың өзі болса қайырымды жандардан көмек сұрап отыр.