Бұл – ерекше қолдауды қажет ететін балалардың құқығы аяққа тапталуы.
Көкшетауда ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары күн сайын үлкен қиындыққа тап болып отыр. Себебі Габдуллин көшесі бойындағы жолдың жөндеуі аяқталмай, коррекциялық орталыққа апаратын көлік қозғалысы толық тоқтап қалған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қыркүйекке дейін жөндеу бітуі тиіс еді, алайда қазан басталса да, орталыққа жету мүмкін болмай отыр. Жол қазылып, техника, лай мен белгісіз қоршаулар тұр. Ата-аналар күнде баласын жетектеп, ойдым-ойдым жолмен жаяу жүруге мәжбүр.
Әсіресе аялдамадан орталыққа дейінгі аралықты өткеру аналар үшін азапқа айналған. «Баламен бірге батпақты кешіп келеміз. Бұл не масқара? Қашанға дейін шыдаймыз?» – дейді тұрғындар.
Мәселе тек ыңғайсыздықта емес. Бұл – ерекше қолдауды қажет ететін балалардың құқығы аяққа тапталуы. Жергілікті билік уәде берген жөндеу жұмысы уақытында аяқталмай, халықтың ашуын тудырды.
Қала тұрғындары әкімдіктен орталыққа кедергісіз қатынауды шұғыл қамтамасыз етуді талап етуде.