$ 494.87  520.65  4.91

Сырбойылық қарттар кір тасын көтеріп рекордтар кітабына енді

Одақтас елден кір көтерген Сырбойылық ардагерлер олжалы оралды, деп хабарлайды «Қазақпарат».

Беларусь елінде кір тасын көтеруден дүниежүзілік II олимпиада, ардагерлер арасында әлем чемпионаты және осы елдің Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық турнир қатар өтті.

Дүбірлі додаға Қазақстан атынан 8 спортшы қатысты. Сырбойылық 63 жастағы Серік Құлмырзаев пен оның спорттағы ұстазы 75 жастағы Жарболсын Құндақбаев үздік нәтиже көрсеткені үшін «Гиннесс кітабына есімі енген рекордсмен» атанды, деп хабар таратты Қармақшы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әлемнің 40 шақты елінен 400-дей спортшының басын қосқан сайысқа қатысушылардың ең жасы ресейлік 4 жасар балғын, ал ең егдесі 90-нан асқан латвиялық қария болды. Көпшілік Ресей, Беларусь, Польша, Германия, Латвия және Литва спортшылары жаңа рекорд жасайды деп топшылаған. Дегенмен, тұла бойына бұла күш біткен сырбойылық қос ардагер жұлқа және серпи көтеруде ешкімге дес бермеді.

–         60 секундта 60 рет көтеріп тұратынмын. Енді биыл 90 рет көтердім. Ең күрделі, 3 элементті қосқан. Оның ішінде серпе, жұлқа көтеру олимпиадалық нормативке байланысты 3 сайыс бойынша 3 минут ішінде 78 рет көтердім. Ол - мен үшін үлкен дәреже. Бұрын ондайды көтерген жоқ едім, – дейді кір тасын көтеруден әлем чемпионы:Серік Құлмырзаев.

Мемлекеттік қызметте жүрсе де, спорттан еш қол үзбеген Серік Құлмырзаев зейнет жасына жетті. Ал оны салауаттылыққа баулыған ұстазы Жарболсын Құндақбаев 75-ке келсе де әлі тың. 16 келілік кір тасын ұршықша үйіреді. Дүниежүзілік дәрежедегі жарыстарда талай рет топ жарған. Омырауы медальға толған ақсақал еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қатысатын спорттық шаралар біздің елде де жүйелі ұйымдастырылса, дейді.

–         Ресей бұқаралық спортты дамытып отыр. Ал бізде өтетіні - анда-санда ауыл спартакиадасы. Мектеп балалары онсыз да дене тәрбиесі сабағын өтеді. Соны бұқаралық дейміз. Ол бұқаралыққа жатпайды. Бұқаралық спорт деген барлық спорт түрінен жарыс ұйымдастыруды білдіреді. Біздің қазақ Қажымұқан, Балуан Шолақ кезінде жерде жатқан тасты көтеріп, бұқа-өгіз көтеріп, чемпион болған, – дейді кір тасын көтеруден әлем чемпионы Жарболсын Құндақбаев.

Қос ардагер арнайы жарақтандырылған спорт залда емес, табиғат аясында шынығады. Аудан жастары да әлемді мойындатқан ауыл ақсақалдарының айналасына жиі жиналып, көшелі әңгіме тыңдайды. Білегі мықты бұла күш иелері бұқаралық спортқа ден қойған ізбасарларына білген-көргенін үйретуден жалыққан емес.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары