Қызанақ Талдықорғанда 50%-ға 90 теңге/кг-ға дейін, Оралда 42%-ға 85 теңге/кг-ға дейін қымбаттаған. Сондай-ақ, Петропавл, Атырау, Астана, және Шымкентте де қызанақ бағасы қымбаттай түскен, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Қазагромаркетинг» АҚ-ның ел аймақтары бойынша азық-түлік бағаларына жүргізген мониторингі 2014 жылдың 9-16 қыркүйегі аралығында бөлшек сауда бағаларының төмендегідей өзгерісін анықтады.
Бір апта ішінде қиярдың бағасы да біраз өңірде өсе түскен. Қызылорда мен Петропавлда 47%-ға, Ақтөбеде 43%-ға, Талдықорғанда 42%-ға, Павлодарда 32%-ға шарықтап кеткен. Сонымен бірге, Өскемен, Алматы, Орал, Атырау, Шымкент, Қостанай қалаларында да қымбаттап отыр.
Бұлардан бөлек, қырыққабат Алматыда 79-дан 89 теңге/кг-ға дейін, Шымкентте 45-тен 50 теңге/кг-ға дейін, Талдықорғанда 48-ден 53 теңге/кг-ға қымбаттады. Ақпарат көзінің хабарлауынша, бұл – маусымаралық бағаның көтерілуі болып табылады.
«Қарастырылып отырған кезең аралығында еліміздің ешбір өңірінде ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай (10%-дан артық) өзгерген жоқ. Сондай-ақ, ұнтақ жармасы, алмұрт, жүзім, пияз, картоп, сәбіз, қызылша, тәтті бұрыш сынды азық-түлік түрлері біршама арзандай түскен», делінген хабарламада.