Тасқын су еліміздегі 18 мектеп пен 1 балабақшаны шайып кетті деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі. Салдарынан оқушылар білімдерін көрші ауылдарға барып жалғастыруда.
"19 сәуір күнгі жағдай бойынша 115 бала (57 – Қарағанды облысында, 58 – СҚО-да) мектепке бара алмай отыр. Жергілікті билік өкілдері жақын маңдағы мектептерге оларды тасымалдау шараларын ұйымдастыруда", – делінген аталған хабарламада.
Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері зардап шеккен оқушы балалары бар отбасыларға көмек көрсетуге кірісіп кеткен. Тасқын шайып кеткен өңірлерде орналасқан ЖОО-ларда студенттерден тұратын еріктілер жасағы құрылып, гуманитарлық көмек жинап жатыр.
Мемлекет басшысы тасқыннан зардап шеккен елдімекендерді қалпына келтіруді үкіметке тапсырды. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде мемқызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, тіпті Парламент депутаттарының өзі зардап шеккендерге бір күндік жалақыларын аударатынын мәлімдеді.