Алматы облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Көркемөнер галереясы» балалардың жазғы демалысының пайдалы өтуіне үлес қоспақ. Атап айтқанда, галерея жаз бойы оқушыларға тегін экскурсия жасауға дайын. Бұл туралы «Көркемөнер галереясы» МКҚН директоры Қ.Қаблисанов мәлімдеді.
Экскурсияның алғашқы маусымын Талдықорған қаласы, Б.Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің оқушылары бастап берді. Бастауыш сыныпта оқитын балаларға мәдени-ағарту, демалу экскурсиясы жүргізілді.
Оқушылар «Балалар көркемсурет мектебінің» дипломдық жұмыстарына қызығушылықтарын білдіріп, бейнелеу өнерінде түрлі түсті майлы бояу мен акварельдің көмегімен ғана емес, сонымен қатар тоқыма жіп пен киізден, арнайы ермексаздан жасалған жұмыстарды, макеттерді көріп, туындылардың әр алуан түрлерін танып білді.
Балалар өздеріне таныс жылулық, сүйіспеншілік сезімдерін М.Нисуповтың «Апам менікі» жұмысынан танып біліп, «Балалар көркемсурет мектебінің» туындыларынан ерекше әсер алып қайтты. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, қызығушылық танытқан әр бала осында келіп, уақытын тиімді өткізе алады.