27.05.2017, 17:06

Талдықорғанда жас мамандар арасында «бос орындар» жәрмеңкесі өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындары түлектерін мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған «бос орындар» жәрмеңкесі өтті.

Шарада Мемлекеттік қызмет істері департаментімен қатар облыстық әділет департаменті, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Алматы облысы әкімінің аппараты, Талдықорған қаласы әкімі аппаратының кадр қызметкерлері жоғары оқу орындарының түлектеріне ақпараттық түсіндірмелік бағытта кеңестер берді. Осы жерде мемлекеттік қызметке орналасуға қызығушылық танытқан түлектерге департамент тарапынан әзірленген арнайы әдістемелік материалдар таратылды.

Түсіндіру жұмыстары барысында Департамент басшысының орынбасары Д.Сабырбаев мемлекеттік қызмет саласында орын алып жатқан жаңаша реформаларға кеңінен тоқталып өтті.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте жүрген азаматтарға жан-жақты әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап жаңа заң нормасы негізінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіріп, еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу процесі жүзеге асырылатын болады», - дейді департамент басшысының орынбасары.

Шарада оқу орындарын тәмамдаушы түлектер мемлекеттік қызметке орналасуға аса қызығушылық танытқанын көрсетіп, департамент қызметкерлеріне бірқатар сұрақтарын жолдауына мүмкіндік туды. Сәйкесінше ұйымдастырушылар тарапынан әр түлектің жеке ойы тыңдалып, зерделенді, оларға тиісті ақпараттық кеңестер берілді.

Д.Жұмақұлова