15.06.2017, 12:54

Алматылық отбасы асырап алған баласын туған анасына ақыры бермейтін болды

Алматы тұрғыны асыранды баласын туған анасына бермейтін болды. Гүлжан Қилыбаева баланың биологиялық анасымен екі жыл бойы соттасып, ақыры жеңіп шықты, деп жазады ҚазАқпарат. Екі жылға созылған сот процесіне Алматы жасөспірімдердердің  ісін қарайтын ауданаралық соттың судьясы нүкте қойды.

Даулы істі шешуге ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми мен Алматы қалалық прокуратурасы кіріскен болатын.

«Сот үкімі Гүлжанның пайдасына шешілгеніне өте қуаныштымыз. Бұл Қилыбаевтар үшін ғана емес, барлық бала асырап алам деген отбасылардың үмітін оятары сөзсіз. Баласынан бас тартқан ананы сотқа шақырудың керегі жоқ. Бұл бала асырап алудың құпиясын бұзады. Асырап алған ананы неге артық қағаз толтыруға, баланың туған анасымен байланысуға  мәжбүрлейтіні түсініксіз. Адамдар балаға бауыр басып кетеді. Одан кейін айрылысу қиын болады. Адамдар бауыр басып қалған баласын бергісі келмей қатты қобалжиды. Бізде бала асырап алушы отбасылардың институтын құру керек. Бұл бірінші кезекте баланың болашағы үшін маңызды. Оқиға осымен аяқталады деп үміттенеміз», - деді «Дом» қайырымдылық қорының жетекшісі Аружан Саин.

Айта кету керек, Гүлжан Қилыбаева нәрестелер үйінен 2016 жылы сәби асырап алған болатын. Баланың туған анасы одан перзентханада бас тартқан.

Қилыбаевтар отбасы баланы асырап алуға құжат жинаған кезде сәбидің туған анасының рұқсатын тағы бір алу керек болған. Құзырлы органдар туған анасымен хабарласқанда, ол баласын қайтып алғысы келетінін жеткізген.

Гүлжан Қилыбаеваны асырап алған баласынан ажырату туралы іс 2016 жылы басталған болатын. Алғашқы сот инстанциясы баланы туған анасына қайтару туралы шешім шығарған еді.

2017 жылдың ақпанында Гүлжан Қилыбаева сот үкіміне апелляциялық шағым түсіреді. Ақпан айының соңында қоғам қайраткері Аружан Саин ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәмиге ашық хат жазып, көмек сұраған болатын.