Тәулігіне жедел жәрдем бригадалары орта есеппен 1600 шақыртуға қызмет көрсетеді, деп мәлімдеді Астана әкімдігі медиа орталығының тілшісіне қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету стансасы бас дәрігерінің медициа жөніндегі орынбасары Сұлушаш Әбілқасымова.
«Шақыртуға күн сайын 105 жедел жәрдем көлігі шығарылады. Барлық көліктер алғашқы көмекті көрсетуге қажетті құралдармен жабдықталған», - деді С.Әбілқасымова.
Оның айтуынша, науқастың диспетчермен өзара әңгімесі бір минуттан аспайды. Осы аралықта науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге шешім қабылданып, оған бригада жіберіледі.
«Қалалық жедел жәрдем стансасы рация, ұялы телефон, интернет және GPS-навигациямен қамтылған. Бұл диспетчерлерге бригаданың орналасқан жерін бақылап отыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.
Сонымен бірге, жедел жәрдем қоныраулары үш санатқа бөлінетінін айтты.
«Бірінші шұғыл санатты болып саналады, оған жол көлік оқиғалары, қоғамдық орындар жатады. Ондай шұғыл шақыртуға бригада 10 минутта жетуі керек. Ал екінші және үшінші санаттағы шақыртуға 15 минутта үлгеру қажет. Қала бойынша 14 қосалқы станса бар, барлық жедел жәрдем көліктері сол жерлерде орналасқан. Бұл науқастарға дер кезінде жетіп, көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді бас дәрігердің орынбасары.