$ 498.51  522.84  4.81

Алматыдағы ЛА-155/6 түзеу мекемесіндегі жасөспірімдер үшін аяқ киім цехы жұмыс істейді

Мемлекет басшысының бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадамның бірі – мемлекеттік-жеке серіктестік әдісімен пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту болып табылады. Ұлт жоспарындағы 34-қадам бойынша, пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту аясында арнайы контингентті камера бойынша ұстауда мамандандырылған жаңа түзеу мекемелерінің құрылысын салу мәселесін шешу қажет. Ал Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару департаменті осы бағытта жұмыс істеп, түзеу мекемелерінде инфрақұрылымдарды арттырып, сотталғандардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуде.

– Үнемі жаза кесіп, бас бостандығынан айыратын үкімдерді күшейту –қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулауға соқтырып, оны қайта тәрбиелеудің орнына, керісінше адамды одан сайын кері кетуіне әсер етеді. Соның салдарынан қоғамнан жырақта өмірін өткізген қылмыскердің жазасын өтеп шыққаннан соң әлеуметтік ортаға бейімделуі оңай болмайды. Оларды, турасын айтқанда бас бостандығынан айырылған азаматтар мен азаматшаларды білімге, еңбекке баулу оларды өмірге, қоғамға бейімдеу болады. Олардың да қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіре алуымыз керек, – дейді Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару департаментінің бас маманы Шынар Құсайынова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару департаменті бөлімшелерінде (ЛА-155/1 ЛА-155/6 ЛА-155/13 ЛА-155/18) 240-қа жуық тұтқын бар. Олардың ішінде 200-ге жуық адам жұмысқа орналасқан.

Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында, ЛА-155/6 мекемесінің аумағында кәсіпкерлік өндірісті құру жұмысы жолға қойылған.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында әкімшілік пен жеке кәсіпкер тегін өндірістік аймағымен қамтамасыз етеді. Және мемлекеттік салықтар төлеуден босатылады.        

– 2017 жылдың 29 сәуірінде мекеменің аумағында  «Семирамида» ЖШС-і 5 адамды жұмыспен қамтыған тігін цехын ашты. Басшылығы алдағы уақытта тігін цехындағы жұмысшылар санын 15 адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Жұмыскерлердің еңбекақысы да қарастырылған, - дейді Департаменттің бас маманы.

Сонымен қатар, биылғы жылдың 22 маусымында ЛА-155/6 мекемесінің аумағында жеке кәсіпкер «SAVILE HOUSE» аяқ киім цехын ашты. Бұл жерде де 5 жас сотталушы жұмыспен қамтылған. Аталған мекемеде жасөспірімдер тәрбиеленетіндіктен олардың білім алуы мен еңбек етуін қамтамасыз ету толықтай қарастырылыпты. Сондай-ақ, сотталғандарды кәсіби оқыту да қарастырылған. №02 арнайы мектеп мекемесінде  ЛА-155/6 тұтқындар еңбек нарығында сұранысқа ие 3 мамандық (механикалық құрастыру жұмыстарының слесарі, металл өңдеуші, құрылыс ағаш ұстасы) бойынша білім алады.

Ал еңбек құқығына сай, кәмілетке толмағандарға тәулігіне 4 сағат жұмыс істеуге рұқсат етілген. Сол себепті, аталған цехта жұмыс уақыты 14.30-дан 18.00-ге дейін бекітілген. Сотталған жасөспірімдерге білім беру, еңбек етуге мүмкіндік беру олардың еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұның бәрі олар босатылғаннан кейін жұмысқа орналастыруға жасалған тәрбиелік шаралар болып табылады.

Қылмыстық-атқару кодексінің 119-бабында сәйкес, Мекемелердің әкімшілігі сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындарына жұмысқа орналастырады, мекемелердің аумағында не оларды күзету мен оқшаулау қамтамасыз етілген кезде оның шегінен тыс жерде орналасқан ұйымдарда жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді. Мекемелердің әкімшілігі еңбекке қабілетті барлық сотталғандарды ақысы төленетін жұмысқа тарту үшін жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қолданады.

Елбасы Н.Назарбаев бастамасымен жүзеге аса бастаған бес институттық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары Қазақстандағы жаңа құқықтық ортаны қалыптастырып келеді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары