20.07.2017, 14:31

Халықты әлеуметтік қорғау бірінші орынға қойылады

Бүгін Алматыда №7 ҚКА басшысы Марат Абдуллаев Шадыбайұлы аурухана қызметкерлері мен тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы түсіндіру сағатын өткізді. Жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мақсаты мен міндеттері, тіркелу жолдары мен жарна төлеу туралы жайы талқыланды.

Бас дәрігер алдымен медициналық сақтандыру жүйесіне неліктен «әлеуметтік» сөзінің қосылып айтылып жүргенін тарқата айтып берді. Яғни, бұл халыққа, халықтың игіліне бағыталған реформа, денсаулық сақтаудағы халықтың мүддесін әлеуметтік қорғаудың түрі. Ал негізі мақсат – денсаулық саласындағы қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу. Медициналық көмек қажет еткенде сақтандырылған жағдай бойынша науқасқа жинаған қаржы кепілдік болады екен.

Дәріс кезінде Марат Шадыбайұлы: «Өздеріңіз байқасаңыздар, өмір бір орында тұрмайды. Сол сияқты медицина саласы да жылдан-жылға дамып келеді. Бұрын емделуі мүмкін еместей көрінетін ауру түрлерінің қазір емі табылып жатыр. Түрлі жаңа аппараттар бар. Оның барлығының бағасыз арзан емес. Сондықтан, халықтың қаржылық тұрақтылығын қалыптастыру керек», - деп медсақтандыру реформасының негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

«Ұлт жоспары – 100 нақты қадамның» 80-қадамы осы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» реформасына арналады. Бұл халықтық жоба әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды қараусыз қалдырмайды. Бас дәрігердің айтуынша, балалар, жұмыссыздар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар – барлығы 14 категориядағы адамдар үшін жарнаны төлеу міндетін мемлекет өз мойнына алады. Ал МӘМС жүйесіне тіркелу үшін, ең алдымен, өзіңіздің мәртебеңізді анықтайсыз. Бұдан соң сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы қалаған аурухана мен емханадағы дәрігерге барып, емделе аласыз.

«Негізі бізде медициналық сақтандырудың элементтері 2009 жылдан бері енгізіле бастады. Мысал келтіре кетейін. Тұрғындарға дәрігер таңдау еркіндігі беріліп, портал құрылған еді. Қазір осы порталға қатысты сын айтушылар көп. Кезек күткілері келмейді. Ал медсақтандыру жүйесінің басты қағидасы бар. Ол – дәрігер алдында барлық адам тең принципі. Негізінен әрбір адам өз денсаулығына жауапты. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру сол жауапкершілікті бұрынғыдан қарағанда екі есе сезініп, денсаулықты күтуге үйретеді», - деді аурухана басшысы.

Жиын барысында Бас дәрігер емханаларды дамыту мен алғашқы көмек көрсету қызметі сапасын арттыруға баса мән беріліп жатқанын атап өтті. Одан бөлек, сақтандыру жүйесі емханалар мен ауруханалар арасындағы бәсекелестікті арттырып, медициналық қызмет сапасын көтеруге себепші болатыны жөнінде де айтылды. Дәріс соңында тұрғындар Бас дәрігерге медициналық сақтандыру мен өздерін мазалаған өзге де сауалдарын қойып, ақыл-кеңес сұрады.

Г.Сембиева