Еліміздегі халқы ең тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Қазақстанның әрбір алтыншы тұрғыны осы табиғаты жанға жайлы өңірде тұрады. Статистикалық мәліметтерге сенсек, ОҚО халқының саны дәл бүгінгі көрсеткішке сәйкес 2 894 816 адамды құрапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 448 адамға көп.
ОҚО бойынша Статистика департаментінің басшысы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, оңтүстікқазақстандықтар саны соңғы бір жылда тра пайызға артыпты. Тұрғындардың 1 317 031-і қалада тұрса (Шымкент, Түркістан, Кентау, Арыс), қалған 1 577 785 адам ауылд жерлерде өмір сүреді екен.
«Республика бойынша біздің облыс туу мен табиғи өсімі көрсеткіштері бойынша 1-орында. Ағымдағы жылдың бес айында облыс туу бойынша республика деңгейінде алдыңғы қатарында көрінді. Оның үлесі 20,2 пайызды немесе 31 409 баланы құрады. 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында 1000 қыз балаға 1 076 ұл бала туылды. Бұл жерде ұл балдардың көп туылу тенденциясы сақталуда»,- деді Шымкентте өткен брифингте Айдар Ахметбекұлы.
Оның айтуынша, әсіресе 2017 жылдың өзінде табиғи өсім айтарлықтай артқан. Мәселен, 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 25 234 адамды құрапты.
Ал, биылғы I тоқсанда халықтың орташа бір айда жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 41 069 теңгені құрап, 2016 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға өскен. Ал нақты ақшалай табыс 6,7 пайызға төмендеген. 2017 жылғы I тоқсанда халықтың ақшалай табыстарының басты көзі – еңбек қызметінен түскен. Осы кезеңде халықтың ақшалай шығыстарының 95,8 пайызы тұтыну шығыстарына – азық түлік және азық түлік емес тауарлары мен ақылы қызметтерге кеткен. 2017 жылғы 1-ші тоқсанда облыс бойынша бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 95 705 теңгені құрап, 2016 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда 3 пайызға артқан.
Айта кетейік, осы тоқсанда ең жоғары орташа айлық жалақы Созақ ауданында 187 854 теңге болып белгіленді. Ал ең төмен жалақы Төлеби ауданында – 75 824 теңгенің көлемінде болып отыр.
Баспасөз жиыны барысында департамент басшысы журналистер тарапынан қойылған сауалдарға да жауап берді. Бұл ретте тілшілер еңбек нарығы және еңбек ақы төлеу, азық-түлік бағасы, сауда нарығы туралы нақты ақпараттар алды.