$ 447.4  477.55  4.76

Алматы облысында жартыжылдықтың даму барысы қорытындыланды

Бүгін облыс əкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен облыс əкімдігінің отырысы өтіп, онда өңірдің биылғы жылғы I жартыжылдықтағы əлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жəне II жартыжылдыққа арналған міндеттер туралы мəселе қаралды, - деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Жиында негізгі баяндаманы облыстық экономика жəне бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асқар Қожабеков жасады. Баяндамашының айтуынша, бірінші жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім 3,3 % өсті. Өнеркəсіп өнімінің көлемі 329, 4 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өндірісі  3,6%-ке өскен. Атап айтқанда, азық-түлік өндірісі – 8%, сусын шығару – 22,3%, фармацевтикада -1,8 есе, машина жасау – 35,2% артқан.

Фармацевтикадағы өсім облыстағы 6 фармзауыттардың өнім өндіру көлемін өсіруімен байланысты. Аталмыш зауыттар бұл көрсеткішті 8 млрд. теңгеге ұлғайтып отыр. Атап өтсек, бұл 6 зауыт та мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде пайдалануға беріліп, қазіргі кезде облыс экономикасына өз үлесін қосуда.

Бірінші жартыжылдықта 39 нысанды іске қосу мен кеңейту арқылы өндірісте қосымша 665 жаңа жұмыс орны ашылды.

Ауыл шаруашылығында Агроөнеркәсіп кешенді дамыту бағдарламасы шеңберіндегі қаржылық қолдау нәтижесінде өсім 3 %-ті құрады.

Дегенмен бірқатар аудандарда шағын және орта бизнесті қолдау шараларында, кооперативтер құру ісінде, инвестиция тартуда және басқа да маңызды көрсеткіштерде кемшіліктер орын алған. Шағын несиені игеру Ақсу, Балқаш, Ескелді, Көксу, Райымбек, Сарқан, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай қаласында төмен деңгейде. Ақсу және Райымбек аудандарында «Ырыс» бағдарламасы бойынша сүт тауарлы фермалардың құрылысы әлі басталмаған. Баяндамашы экономиканың басқа да салаларындағы жетістіктер мен олқылықтарға тоқталып өтті.

Жиында Еңбекшіқазақ, Панфилов аудандарының әкімдері, құрылыс және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері сөз алып, жұмыс бағыты туралы айтты.

Жиын қорытындылаған облыс әкімі А.Баталов сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.

- «Береке», «Талдықорған» индустриалды аймақтарына инвестиция тартумен түбегейлі айналысу қажет. Инженерлік жүйелері тартылып, дайын тұрған алаңдардың бар екенін кәсіпкерлерге, инвесторларға жеткізіп айту үшін қажет болса инвестфорумдар өткізіңіздер, көрсетіңіздер, ұсыныңыздар. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті одан әрі дамытуымыз керек. Өнеркәсіп өндірісінде бірінші жартыжылдықтың осы өсім деңгейін сақтауға тиіспіз. Әсіресе, жүйеқұраушы кәсіпорындардың өндіріс қарқынын ерекше назарда ұстаңыздар. Жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті қолдау, шағын несиелер беру мен оны игеру, кооперативтер құру мәселесі де қадағалауда болсын, - деді А.Баталов. Сонымен қатар жылыту маусымына дайындық шараларын, жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс жаңа мектептердің құрылысын бақылауды, тұрғын үй құрылысы мәселелерін де тұрақты назарға алуды тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары