Ақтөбе қаласында "Нұр Отан" партиясының белсенді өкілдері жергілікті тұрғындарға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасының пайдалы тұстарын түсіндірді деп мәлімдеді партияның баспасөз қызметі. Шара барысында барлығы 60 мыңға жуық адам қамтылған.
"Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры Мира Марзин «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне» көшу мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың бірлескен жауапкершілігіне негізделген денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын күшейтуді, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландырудың басымдығын, түптеп келгенде, халықтың денсаулығын арттыруды қамтамасыз ететіндігін айтты. Содан соң жаңа жүйенің базалық және сақтандыру пакетіне тоқталды.
- 2017 жылдың қаңтарынан бастап тұрғындар мен еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарының үшінші толқыны басталды. Бүгінде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халық арасынан 58 мың адам түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Олардың арасында "Ақтөбе ферроқорытпа зауыты" АҚ, СНПС "Ақтөбе Мұнайгаз" АҚ, "Казхром" ТҰҚ АҚ, "Қазақойл - Ақтөбе" ЖШС, "Урихтау - Оперейтинг" ЖШС, "Алтиес - Петролеум" ЖШС, "Восход - Ориэл" ЖШС және тағы басқалары бар, - деді ол.
Сондай-ақ, Мира Марзин 1 шілдеден бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмыс істей бастағанын және әр айдың 25-не дейін жұмыс беруші мекеме өз қызметкерлері үшін жарна аударатынын атап өтті. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір жұмысшы жалақысының 1 пайызы мөлшерінде жарна төлей бастайды.
- Жаңа жүйе бойынша азаматтардың жасына, жарнасының көлеміне қарамастан қажетті медициналық көмек көрсетіледі, - деді "Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы" РМК Ақтөбе облыстық филиалының директоры.
Жиында сөз алған «Завод ЖБИ 25» ЖШС-нің бас инженері Руслан Ермағамбетов нұротандықтарға зауыттың жұмысы туралы ақпарат берді. Ал партияның қалалық филиалы консультанты Мұратбек Ержақыпов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы туралы ой-пікірін білдірді.
Жиын соңында ақпараттық топ мүшелері жұмысшылардың жаңа жүйе туралы қойған сұрақтарына жауап берді.