Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, елордада 130 542 оқушы оқитын 95 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Олардың 84-і мемлекеттік мектеп, онда 126 917 бала оқиды, 11-і жеке мектеп, онда 3 625 оқушы білім алады. 2016-2017 оқу жылында қаланың 27 мектебінде оқушылардың саны белгіленген есептен көптігі сақталған, оның 3 білім ордасында үш ауысымды сабақ жүргізілген. Осылайша 9 588 оқушы орны жетіспегені байқалды.
1-ші сыныпқа келген оқушылардың саны (болжам бойынша 22 000 оқушы) күрт өсуіне және көші-қонға (болжам бойынша 4 500 оқушы) байланысты, 2017-2018 оқу жылында болжам бойынша 17 мың оқушы орны жетіспей қалуы әбден мүмкін.
Осыған байланысты 2017-2018 оқу жылында 2 600 орынға арналған жапсарлас салынған 5 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта 11 100 орынға арналған 10 мектептің құрылысы басталды, ол 2018 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
2018-2019 жж. салынатын 13 мектептің жобасын жасау жұмысы жүргізілуде. Елордада 263 мектепке дейінгі мекеме, оның ішінде 96 мемлекеттік және 2 ведомствалық, 116 жеке және 49 шағын орталық жұмыс істейді. 2017 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша, 3-6 жас аралығындағы 33 240 бала мектепке дейінгі мекемеден орын алу кезегінде тұр. Мектепке дейінгі балалардың саны туу мен көші-қон көрсеткішінің жоғары деңгейіне байланысты артып отыр. Күн сайын балабақша кезегіне орташа есеппен 90 бала тұрады (60-70 сәби дүниеге келеді, 20 бала көші-қон есебі арқылы).
2017 жылы 480 орындық 2 мемлекеттік балабақша, МЖС аясында 720 орындық 3 балабақша пайдалануға беріледі. Сондай-ақ балабақшаларды салу бойынша жеке серіктестерді анықтау жөнінде байқау өткізілді. Қазіргі уақытта 2019 жылы пайдалануға берілетін 1 680 орындық балабақша бойынша 6 жоспар іске асырылуда. Білім басқармасымен жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен 10 000 орындық жеке балабақша ашу жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, 28 маусымда Әсет Исекешев Елбасының қабылдауында болды. Кездесу барысында Президент елорда тұрғындарының тіршілік әрекетіне байланысты бірқатар тапсырма берді.
Мемлекет басшысы елорда тұрғындарының саны күннен күнге көбейіп келе жатқанын баса айтты, осы орайда оқушылар мен мектеп жасына дейінгі балаларды білім ордасымен, балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін тілге тиек етті.