$ 448.15  483.46  4.86

«Мектепке жол»: Мүфтият Алматы облысындағы 170 оқушыны мектепке дайындады

Әуел баста қарапайым ғана қайырымдылық акция ретінде бастау алған «Мектепке жол» акциясы бүгінде бүкіл республика аумағында жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналып үлгерді. Әрбір жаңа оқу жылының қарсаңында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға биліктен бастап қоғамдық ұйымдардың барлығы көмек көрсетеді. Яғни, қатардан қалмай балалардың мектепке дайындалуына жағдай жасап береді: жылы киіндіреді, оқу құралдарын түгендейді.

«Мектепке жол» акциясы Қазақстандағы мыңдаған баланы қамтиды. Бұл шара биыл да жалғасын тауып, алғашқылардың бірі болып мұқтаж жандарға мүфтият қол ұшын созды. Мешіттерге садақа ретінде түскен қаражатты үнемі жағдайы төмен жандарға тарататын имам-молдалар күні кеше Алматы облысындағы оқушыларды жаңа оқу жылына дайындады.

 «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» - деген екен дана халық. «Жанашырлыққа - жан риза» дегендей қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу әрбір адамның мұсылмандық парызы.

Әр оқу жылының қарсаңында ҚМДБ-сының мешіттері тарапынан атқарылатын «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасының өткізілуі дәстүрге айналып келеді. Биылғы оқу жылында да аталмыш шара жалғасын тапты. Бұл ізгі шара балаларды білімге жұмылдырып, оқуға деген қызығушылығын арттыратын бірден-бір дұрыс қадам болып есептеледі.

ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасын жүзеге асыру аясында Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінде «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы өтті. ҚМДБ-ның Алматы өңірі бойынша өкіл имамы Қуаныш Бақытбекұлы жиналған оқушыларды келе жатқан Құрбан айт мейрамымен құттықтап, оқуда озат болып, болашақта еліміздің өркендеуі үшін адал қызмет жасауға шақырды. Қайырымдылық іс-шара аясында мектеп жасындағы 170 оқушыға мектепке қажетті оқу құралдары мен кеңсе қажеттері таратылды. Жиын соңында балалар мен ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары