29.08.2017, 11:00

«Нұр отандықтар» жастарға кәсіп ашудың пайдасы туралы айтып берді

Еліміздегі жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір жолы – жастарды шағын және орта кәсіппен айналысуға баулу. Мұны Елбасының өзі жыл сайынғы жолдауларында айтып келеді. Мемлекет басшысының осынау тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының Маңғыстау облысындағы филиалы жастармен кездесу өткізді.

Іс-шараны партияның Түпқараған аудандық филиалы мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдері ұйымдастырып отыр. Оған жұмыссыз жастар және кәсібін жаңа бастаған жергілікті тұрғындар қатысты.

Кәсіпкерлік палатасының өкілі Айбек Маратов Мемлекет басшысының тапсырмасымен  үкіметтің нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға кірісіп кеткендігін айтты. Осының нәтижесінде, республика тұрғындары тұрғылықты жеріне қарамастан 16 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, мақсаттарын жүзеге асыра  алатындығын түсіндірді.

- Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланғалы бірнеше ай уақыт өтті. Елімізде осындай қысқа мерзім ішінде осы бағытта нақты жұмыстар жасалды. Көптеген адамдар қазірдің өзінде  өз кәсіптерін ашып, халыққа жаңа жұмыс орындарын ұсынды. Біз партиялықтармен бірге «Даму» қоры арқылы көрсетілетін қолдау шараларын халыққа жеткіземіз, - деді Айбек Маратов.

Сұхбат алаңының барысында «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Демеген Садықов жастарды Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен таныстырды. Өйткені Елбасы мақаласы жастарға кез-келген істе, соның ішінде кәсіпкерлік саласында да  жол көрсететін шығарма болып табылады.