«Па, шіркін, Қазақстан өз жұмыссызын жарылқап болып, басқаға жұмыс беруге жарап қапты ғой» дегізіп бұл мәліметтің миыққа мысқыл үйіретіні рас, енді. Орта Азиядағы құдайы көршілеріміз ғана емес, бұдан былай Ресей мен Украина елінің мигранттары да жұмысты Ресейден емес, Қазақстаннан іздейтін болады деген осыдан екі жыл бұрын айтқан сарапшылардың пікірі шынға айналды. Сонда 2015 жылдан бастап Қазақстанға сырттан келетін мигранттар саны жыл сайын 60 мыңға артып отырады дегенде тіксініп қалған едік.
Бұл жағдайдың Ресейдегі валюта курсымен тікелей байланысты болып отырғаны анық. Биылғы жылдың қаңтарынан бастап Ресейдегі еңбек патенті екі жарым есеге қымбаттаған. Патентті алу үшін еңбек мигранты денсаулығы туралы медициналық анықтама қағазын, орыс тілінен, Ресейдің тарихы мен құқық негіздерінен емтихан тапсыру керек болған және осының бәрі орыс жеріне кіргеннен бастап бір айдың ішінде жасалып, осы уақыт ішінде тіркеліп бітуі тиіс. «Қонақ жұмысшыға» қойылатын талап көрші елде осылайша қатаңдана түскенде, жайшылықта қақпасы жабылмайтын Қазақстанның ендігі жайы қалай болмақ? Осы уақытқа дейін нәпақа іздеп, қара терін сатып, қаражат табуға келген өзбек, тәжік, қырғыз, қарақалпақтар жыл сайын Қазақстанның 0, 5 млрд доллар ақшасын еліне әкетіп отырған. Елден «қашып» жатқан бұл капиталдың мөлшері ендігі жерде әлденеше еселеп артатыны сөзсіз. Ал Ресейден асатын ақша бұдан жеті есеге көп – 7 миллиардқа жуық қаражат сұраусыз, өз аяғымен гастарбайтерлердің еліне аттанған. Мигранттардың тасқынын бақылауда ұстап отырмыз дегеннің өзінде оларды толықтай қадағалаудың мүмкін еместігіне жылына екі рет жүргізілетін «Мигрант» операциясының өзі-ақ дәлел бола алады. Былтырға дейін 1,5-2 миллионға жуық гастарбайтер Қазақстанның түрлі жұмысына жегілген. Тағы да сол сарапшылардың есебінше, бұл дегеніңіз әрбір бесінші қазақстандықпен пара-пар екен. Енді Ресейдің миграциясын қоса қабылдайтын болсақ, тағы да қанша қаражаттың басқа елдің қазынасына құйылып, бесінші емес, әрбір үшінші тұрғынның гстарбайтер болып шықпасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 20 пайызы көлеңкелі айналымның үлесінде екені екінің біріне аян. Лажы болса, қазақстандық кәсіпкерлердің көпшілігі тап осы заңсыз жұмыс күшін пайдалану арқылы ісін дөңгелеткісі келеді. Өйткені мигранттар ең лас жерде өте ауыр жұмысты істейді, күй талғамайды, талап қоймайды, бастысы, ең төменгі жалақыға келіседі. Қожайындары болса жұмысшылардың жалақысын айлап емес, жылдап төлемей зар жылатуды, олардың әлеуметтік кепілдіктерінің бәрін мансұқ етуді қалыпты жұмыс дағдысына айналдырып алған. Бұл жерде қазынаны салықпен қамтасыз ету туралы сөз қозғаудың өзі артық. Шағын және орта бизнесті қорғау мақсатында жұмыс берушіге кезекті тексеру туралы бір ай бұрын, онда да прокурордың арнайы рұқсатымен хабарлап қана тексере алады, ал бұл уақыт аралығында тексерушілер мигрант түгілі ауласынан бейсауыт жүрген мысықты да көре алмай қайтатыны анық. Нәтижесінде қазынаға төленбеген салық түріндегі милиондарды заңсыз мигранттар еліне алып кетеді. Сол себепті 2014 жылдан бастап әр мигрант Қазақстанда болған әрбір айы үшін екі айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде салық төлейтін болып міндеттелген еді. Ал жеке адам бес мигранттан артық жұмыс күшін пайдалана алмайтын болып заңмен бекітілген болатын.
Ресей мен Украинадан жаңа миграцияның толқыны келеді екен, бұл жағдайда ақ қар, көк мұз, аптап ыстық демей, құрылыста жүріп кірпіш қалағанды қиын санайтын, одан гөрі «охранник» болуды, ол табылмаса таксист болуды, көлігі жоқ болса, кездейсоқ жұмыстарда екі-үш ай істеп, айлығын бермесе, қолын бір сілтеп кетіп қалып, тұрақтап тіршілік ете алмай жүрген өз жұмыссыздарымыздың жағдайы қалай болады? Бейресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 3 миллионға жуық жұмыссыз бар, жұмыссыздар санын кемітіп көрсетуден алдына жан салмайтындар күні кеше ғана әдеттегідей олардың саны 459 мың 200 адам деп таратты. Бұл –Экономика министрлігі Статистика комитетінің таратқан мәліметі. Жалпы, жұмыссыздық статистикасы біздің елде құбылмалы. Бірақ бұл ресми мәлімет ешқашан да жұмыссыздықтың нақты көрсеткіші бола алмайды. Мигранттарды қорғап, қадағалап отыратын заңды қатырып тұрып шығарып қойдық, ал қазақстандық жұмысшымен салыстырғанда екі есе аз айлық төлеп, бес есе артық жұмыс істетіп ұпайын түгендеп отырған жұмыс орындары мынадай мүмкіндік тұрғанда жергілікті жұмыссыздарға ешқашан таңдау жасамайды. Арзан жұмыс күші тұрғанда, «бір адам болса да, Қазақстанның азаматы жұмыс істесін деген патриоттық ой сенде неге болмайды» деп сөккеніміз барып тұрған тоғышарлық. Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Ең жаман жұмыс –жұмыссыздықтан жақсы» дейтін сөзі бар, әттең дипломмен жұмыс таба алмаса, ыңғайына қарай бейімделіп, мамандығын ауыстырып, жаңа кәсіптің иесі болудың орнына, майда-шүйдеге арбалып болмаса үйде жатып азып-тозғанды жақсы көреді. Жоғары түгілі орта білімі де жоқ, табылған қара жұмысты құл секілді істей беретін жұмысқа «біздікілер» аяғын аттап та баспайды. Бір нәрсе ғана белгілі, тау асып, тас басып, ағылып келіп жатқан тасқынның жергілікті жұмыссыздар санын одан ары арттырып, онсыз да ушыққан ішкі еңбек нарығын бұзатыны айдан анық. Мигрант деген ат естір құлаққа ғана жаман, ал ең жаманы, мигранттардың еңбек нарығында тепсе темір үзетін қазақтың жұмыссыз жігіттерін мүйіздеп, ығыстырып бара жатқаны...
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ