11.09.2017, 14:21

Алматыда мүгедектердің жүріп-тұруына қосымша жағдай жасалады

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына қолайлы жағдайлар жасау үшін көпқабатты үйлердің аулаларында жөндей жұмыстары жүргізілетін болды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев мәлімдеді.

Аудан басшыларының мәліметінше, аудан аумағындағы мүгедек жандарға жағдай жасамаған әлеуметтік және өзге де нысандар көп көрінеді. Мәселен, аудан әкімдігі бұған дейін осындай 170 нысанның басшысына ескерту жасап, ондағы мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай қолайлылық болуы керектігін құлағдар еткен. Қазір оның тек 100-ге жуығы ретке келтіріліпті.

Осы орайда әкімдіктің жауапты қызметкерлері мен «Мүгедектердің еріктілер қоғамы» халық көп баратын орындарға кезекті тексеру жүргізді. Олардың қатарында медициналық орталықтар, бірнеше асхана, кинотеатр мен әлеуметтік дәріханалар бар. Бақыланған нысандарда көбіне көзі нашар көретіндерге тактильді бағыт, арбаға арналған баспалдақтар мүлде жоқ болып шықты. Енді тексерілген мекемелерге кем дегенде 250 мың теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін.

«Мүгедектерге арналған нысандар көбіне дұрыс жасалмаған немесе соңына дейін ойластырылмаған. Бір жерде арбаға арналған баспалдақ болса, енді бірінде мүлде жоқ. Кейбір орындарда бар, бірақ өте қауіпті көрінеді», - деді бірінші топтағы мүгедек Игорь Петренко.

Белгіленген ереже бойынша әлеуметтік орындарда болатын арбаға арналған баспалдақтың биіктігі 5 сантиметрден жоғары болмауы керек. Ал, ені 120 сантиметр болуы тиіс екен. Бұл қойылған талаптардың бірнеше мысалы ғана. Қазір тек Медеу ауданында ғана 4 жарым мыңнан астам мүгедек жан тұрып жатыр.  

«Біздің ауданда қазіргі таңда жаңа 120 ауланың құрылыстары жүріп жатыр. Сол жерде біз қанша мүмкіндігі шектеулі адамдар тұратындығын анықтау жұмыстарын жүргіздік.  Сараптама көрсеткендей, біз 15 ауладан мүмкіндігі шектеулі жанның тұратынын анықтадық», - деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев.

Осы орайда айта кету керек, «Алматы-2020» бағдарламасы аясында шаһарда мүгедек жандардың қолайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайлар жасалатын болады. Биылдың өзінде мегаполисте қайта жаңғырған көшелердің бәрінде арнайы пандустар жасалып, мүгедектер арбасының кедергісіз қозғалуына ыңғайлы жолдар салынған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Алматы автопарктеріне қосылатын су жаңа 500 автобустың бәрі мүмкіндігі шектеулі жандарға лайықталған.