25.02.2015, 04:50

Шынымызды айтамыз деп сырымызды сыртқа шашпайық

АҢҒАЛ ХАЛЫҚ. Бізге сырттан болсын, іштен болсын қазақ емес біреу он-он бес қазақша оралымдарды жаттап, өнерің ғажап екен, тамағың дәмді екен, қыздарың сұлу екен, өзің қонақжай екенсің,  керемет халық екенсіңдер деп көпшікті қойып, арқамыздан қақса болды, ақтарыла жөнелеміз. Туғаныңа көрсетпеген құрметті, соған көрсетуге бармыз.  Ай, шабыламыз-ай келіп...

 

«Аталарымыз анандай болған деп» жақсылығымызда да, «Қазақ десең өзіңе тиеді» деп қойып жаманын да жат алдында тізіп береміз. Тіпті, оларға арнайы шпиондық мектептен өтіп те керегі жоқ. Бәрін өзіміз айтамыз. Айтысыңды зерттеп жүр едім десе, ақынмен жолықтырамыз, тарихыңды танығым келеді десе, архивке жетелеп апарамыз...Осы мінезімізден құтылатын кез келді. Онсыз да осы қасиетіміздің кесірінен ғасырлар ойы зардап шегіп келеміз. Жақсы мен жаманды айыра білу ләзім. Кімнің күле кіріп, күңірене шығатынын көре білу абзал-ақ. «Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі–қан, бірі–май боп енді екі ұртың» деп Абай атамыз кезінде бекер күңіренбесе керек-ті.

ТЕВКЕЛЕВТІҢ ХАТЫ. Тыңшылықтың екі нысаны болатынын, оның бірі ешқандай да мемлекеттік құпиямен байланысты емес екенін, тек шет елдің тапсырмасымен қазақ елінің мүддесіне қарсы қолдану үшін жұртқа мәлім мәліметтерді жинайтынын алдыңғы мақаламызда айттық (http://skifnews.kz/sn-aleumet/item/2565-a-v-zataevich-kim-aza-ty-ayaulysy-ma-lde-ty-shy-ma ). Біз Тевкелев дегенде сары орысты елестетеміз, қателесіміз. Ол кәдімгі сырт келбеті қазақтан айырмасы шамалы қазақпен қазақша сөйлесе алатын шоқынды башқұрт (әлде ноғай). Оның шоқынғанға дейінгі ныспысы да тіпті қазақтан айырмашылығы шамалы -  Құтлығмұхаммед. Атасының аты да – Тәуекел. Тевкелев емес, Тәуекелов десек те болады, қазіргі күні Тайчибеков деген сияқты. Шоқынған соң Алексей Иванович атанған осы «бауырласымызға» ішімізді беріп қойғанымыз да аян. Ғалым-ақын Серікзат Дүйсенғазин Дулат Бабатайұлы туралы зерттеуінде былай дейді: «Ресей империясының қазақ даласына жіберген елшісі А.И.Тевкелев 1731 жылы 27 қаңтарда Ресей сыртқы істер коллегиясына жазған хатында қазақ халқының он екі түрлі жақсы қасиетін (төрені сыйлау, үлкенді сыйлау, кісі ақысын жемеу, арақ ішпеу, бауырмалдық, рулардың арасында жіктің жоқтығы, ақынжандылық, табиғатты аялау, байлыққа қызықпау, сыпайылық, адамды жатырқамау, білімге құштарлық)  алты түрлі жаман қасиетін (мақтаншақтық, зиянсыз өсекке жақындық, адамның көңілі үшін көлгірсу, шендіге бас изеу, дарақылық, ру-тайпаға бөлінушілік) атап көрсетті. Осы қасиеттердің жақсыларын жойып, жамандарын өз пайдаларына асыруды көздеді. Олар қазақты отарлауды қазақтың қолымен жасады. Яғни, билікқұмар ел жақсыларын шен-шекпенмен сатып алу әдісін қолданды.  Елді ояздықтарға бөлу, бұрынғы төре тұқымынан билікті тартып алып, қарадан аға сұлтандар сайлау елдің ішін таққұмарлыққа, парақорлықққа, орыс ұлықтарына жағынған жағымпаздыққа апаратын былыққа белшеден батырды» (http://kazaitys.kz/kz/article/view?id=357). Бұл, бір жағынан, қарсы тұратын иммунитеттің жоқтығанан әлжуаздық танытқан өз олқылығымыз болса, екіншіден, осыны дер кезінде пайдаланып керекті ақпаратты жинай алған тыңшылардың «жақсы» жұмысы. Іш тартамыз деп ішімізді беріп қоятынымыз, шымызды айтамыз деп сырымызды сыртқа жаятынымыз жаман. Ал осының кесірін әлі тартып келеміз, шала күйіндегі шоқты үрлеп жібергені сонша, таққұмарлықтан, жағымпаздықтан, шендіге бас изеуден, дарақылықтан, руға бөлінушіліктен әлі де зардап шегіп келеміз.

«ОЯН, ҚАЗАҚ». 1995 жылдың күзі болу керек.Алматы-Арқалық пойызында ел жаққа бара жатыр едік. Көрші купеде Міржақып атамыздың қызы – Гүлнар апай бара жатыр екен дегенді естіп, амандасуға, танысуға бардық. Барсақ, ол кісімен бірге елуден асқан ұлы, бозбала немересі және Уяма Томахико деген жапон жігіті бара жатыр екен. «Әкемнің шығармаларын зерттеп, әлемдік энциклопедияға енгізуші жас ғалым» деп таныстырды бейтаныс жігітті Гүлнәр апай. Содан екі күндік жол қысқарсын деп әңгіменің желісін ағыттық қой. Өзі менен 7-8 жас үлкендігі бар, өз тілінен басқа, қазақ, орыс, ағылшын тілінде сайрап тұр. «Сонау жұрттың қолы жетпей аңыз болып жүрген Жапониядан келіп аяғынан тұра алмай жатқан Қазақстанда не қып жүрсің?»- деп сұраймын ғой баяғы. Ол Жапонияның «Советтану» институтын бітіргенін айтады. Ал, жақсы. «Неге Міржақыпты таңдап алдың?»- деймін де. Ол: «Міржақыптың «Оян, қазақ» шығармасы мені қатты қызықтырды» деп қояды. Әлбетте, ары қарай ойлауға менің заң факультетіндегі 2 курстық білімім жеткен жоқ. Қазір ол жігіт үлкен ғалым, Қазақ еліне арагідік ат басын тіреп тұрады. Енді қазіргі бақай есебіммен ойлаймын ғой: ол сол кезеңде қазақтың психологиясын зерттеп жүр екен ғой деп. «Оян, қазақ» сол кездегі ұйқыдағы қазаққа қатты әсер еткен екен, оның осынша не күші бар? 1986 жылы ұлттық рухы ояна бастағанын паш еткен халыққа тағы не түрткі болуы мүмкін? Алда-жалда КСРО-мен жанжалдаса қалсақ, КСРО мен Жапония арасында Қиыр Шығыстағы территориялық мәселелер қайта көтеріле қалса, КСРО халықтарын іштен іріткі салып жіберетін, әсіресе, езгісінен құтыла алмай келе жатқан қазақ сияқты халықтарды көтеріп жіберетіндей қандай іліктер бар?- деп жүрген сыңайлы. Әйтпесе, көркемдік жағынан «Оян, қазақты» он орап алатын шығармалар жетерлік емес пе еді? Сол атамыз Жахаңның шәкірті Мағжанның бір өзі неге татитын еді. Жоқ, оларға дәл осы «Оян, қазақ» керек болды.  Әрине, зерттеушіде жазық жоқ. Елі айтты, ол зерттеді. Ал одан алынған нәтижелер құлыптаулы көк сандықта жатқан шығар. Көрші Қытайда Қазақстанды зерттейтін ондаған орталықтар бар екен. Анау Американың өзінде біздің фольклорымызды, тарихымызды, психологиямызды зерттеп, қаттап салып тастаған. «Тәйт» дейтін заман болса, «қайт» дейтін адамды тыңдатпаудың амалдарын қарастырып тастаған. НЛП дегенді естіген боларсыз. Ал біз болсақ жүрміз әлі «Әлемде сендердей қонақжай ел жоқ» дегенге бөркіміз қара қазандай болып. Біздің асты-үсті байлықпен көмілген, әлемде 9-орын алатын аумағымыз әрі бағымыз, әрі сорымыз екенін ұмытпайық.

ПОЛАТ АЛИМДАР. Түріктің «Көкжалдар мекені» сериалы бастан аяқ мемлекетшілдік идеяға құрылған. Ұлт мүддесі жолында, мемлекетшілік идеясы жолында жанын да құрбан етуге даяр екендіктерін паш етеді.  Мемлекетшілдік жолында құрбан болмай-ақ қояйық, ең құрымағанда аузымызға ие болайықшы бауырлар, Отан алдындағы борышымызды өтегеніміз сол болсын.

ҚЫСТЫРМА. Қолына домбырасын алып, тойға шығып, қазақша бір-екі ән шырқап жүрген қара  домалақтарға қаражатын шашып жүрген қазақтар, дарақыланбаңдар!

Алмас Жұмағали,

заң ғылымдарының кандидаты