$ 498.34  519.72  4.85

Қыз алып қашу: дәстүр ме, қылмыс па?

Гу-гу. Былтырғы жылы белгілі телеарналар алып қашып келген қыздың қарсыласқан видеосын тынымсыз көрсетіп, біздің «жабайылығымызды» бір көрсетіп, ашық болмаса да, тігісін жатқызып, айызы қанғанша сыбап-сыбап алды.

Қазақстанның әр түкпірінде сақталып отырған бұл құбылыс, әсіресе, қазақтың қаймағы бұзылмаған өңірлерде көптеп кездесетіні жасырын емес. Бір қызығы, алып қашып келген қыздардың кететіні ізін суытпай төркініне қайтып кетеді де, қалып қойғандарының арасында ажырасу саны махаббатпен үйленіп ажырасқандардың үлес салмағынан әлдеқайда аз болады. Ал есеппен бас қосқандар мүлде ажыраспайды десек те болады. Алып қашып келген қыздардың да қалып қою себептері әр түрлі ғой. Сол себептен сезім алғашқы орында болмаған соң есеппен үйленгендерден де айырмашылықтары шамалы. Одан да қызық жері, тіпті кетіп қалған қыздардың өзі өсектеуден қорқып, ұялғаннан, не өзге себеппен арыз жазып қылмыстық істі қозғаттырмайды. Бұл қылмыстың латенттілік деңгейі жоғары болғандықтан зерттеулер тек бейресми мәліметтер, сауалнамалар арқылы ғана жүргізіле алады.

Біз шынымен де жабайы халықпыз ба? Бұл құбылыс дәстүр ме? Қазіргі жігіттер мен қыздардың басым бөлігі мұны дәстүр деп ойлайтыны жасырын емес. Кез келген танымайтын, не шала танитын ұнаған қызды жетелеп кетуге болады деген түсінікте жүргендері де аз емес. Алып қашып келген шарасыз қыздарды көндіруге машықтанған арнайы жеңгелердің бары да өтірік емес. Босағаға құран қойып, не өзі жатып алып, «Аттап кетсең қарғаймын, мен сияқты шешең бар шығар» деп психологиялық шабуыл жасайтын әжелердің де бары рас. «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал деген, есік көрдің, босағадан аттадың, басыңа орамал салынды, кетсең бақытсыздыққа душар боласың» деп те айтатын ақылгөйлеріміз тағы бар.

            Тарих не дейді? «Қыз алып қашу» дәстүрі қазақ қоғамында танымайтын адамдар арасында құда түсу кезеңінде орын алған. «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген қағиданы ұстанған, әрі көп соғыстан көз ашпай ұрын барып «қалыңдық ойнап» жүретін мұршасы да болмаған кезде кең таралған дәстүр.   Әсіресе, біреуге тоқал қылып, не жасы келгендерге үшінші, төртінші әйел қылып қосқысы келгендерге қарсылық болатын.Ол - қыздың «қашып кету», ал жігіттің «алып қашу» дәстүрі еді. Бұл ерікті түрде жүзеге асатын «операция», яғни атастырылған жігітке көңілі толмаған қыз өзінің «ақсүйек ойнаған», «бала күннен бірге өскен» не тағы басқа себеппен ұнатқан, сүйген жігітімен бірге өз еркімен қашады. Яғни қыз бен жігіттің өз махаббаттары үшін күресе алатындығын, тіпті сол үшін өлімге де бас тіге алатындығын білдіретін еркіндік пен батылдықты паш ететін керемет дәстүр еді ғой, ал біз болсақ, тонын теріс айналдырып, жабайылықтың нысанына айналдырып жібердік. Содан кейінгі мәселе атастырылған жақпен билердің келіссөзі, берілген қалыңмалдың өтеуі, ат-тон айыбы деген сияқтылар болатын. Бірақ, қашып кеткен қызды атастырған жаққа қайтадан қоспаған. Өзіміздің жыр-поэмаларымызды ақтарып көріңіз. Еңлік пен Кебекті, Қалқаман мен Мамырды т.б. парақтап көріңіз, қызды еңіретіп тұрып еркінен тыс алып қашып еді дегенді көресіз бе? Жоқ, керісінше, қыздың өзі қашып кететін, сол дәуірдегі жанұя құру жүйесіне ашық қарсылық білдіру болатын. Ислам шариғаты бойынша да қыздың келісімі және оның өкілінің келісімі беріліп, қызға сыйлық ретінде берілетін  «маһры» елдің көзінше жария етіледі. Аталарымыз ұстанған дала заңдарының денін шариғат нормалары құрағанын естен шығармайық. Дәл қазіргі күні де бұл дәстүр сақталған, жағдайы дәл сол уақытта келмей тұрған шешелері қыздарына «өз еркімен қашып кетуге» ұсыныс жасайды. Тек жаугершілік заманда ғана дұшпанның қыздарын күштеп алып келетін еді.

Осы дәстүрдің қазіргі күні өңін өзгертіп жіберді. Қыздарға бұл біздің ата дәстүріміз деп сендіріп тастағаны сондай, қыздың не өзі, не туысқаны тиісті органдарға хабарламайды. Айдың-күннің аманында өзі танымайтын біреудің әлпештеп отырған қызын жаудың қызындай ат артына отырғызып әкеткен мәдениет пе? Үлкенді сыйлап, ақ шашты анаға қарсы келмейтін қыздың үйінен алған ибалы тәрбиесін пайдаланып кету жеңгелер мен әжелерге абырой ма? Қызға өзі бір ауыз тіл қата алмай жүріп, мал әкелгендей матап әкелген түйе үстінен ит қабатын жігіттерге мақтаныш па? Құранды қойып, «аттасаң, қарғаймын» деген шариғат па?

            Қылмыстық заң. Қыздың еркінен тыс жасалған әрекеттің бәрі қылмыс. Қылмыстық заңның қай-қайсысында болсын бұл әрекет қылмыс деп танылған. Соңғы 2015 жылдан күшіне енген Қылмыстық кодекстің 125-бабы «Адамды ұрлау - төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады»- дейді, ешқандай да балама жаза жоқ, тек бас бостандығынан айыру ғана. Ешқашан да бір ғана адам жалғыз өзі алып қашпайтыны, топ болып қана қыз алып қашатыны анық, ол енді 125-баптың 2-бөлігі 1-тармағы «мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Көріп отырсыздар ма? Тек қана бас бостандығынан айыру. Есіктен шақырып бергендер де, шопыр болып көмектесіп жүргендер де тойға барамыз деп торға қамалуы әбден ықтимал. Және бұл қылмыс үйге әкелген соң емес, жәбірленушіні күштеп, не алдап орнынан қозғаған сәттен бастап аяқталады. Сондықтан, сақ болыңыздар, бірақ заңдағы ескертуге сәйкес өз еркімен ұрланған адамды босатқан адамның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Қазіргі күні бұл латенттік (жасырын) қылмыстардың қатарына жатады. Хабарлайтындар саны ілеуде біреу. Бірте-бірте мұнай сорақы өтірік «дәстүрден» арылған жөн.

Қыздарға кеңес: егер дені дұрыс жігіт болса, өзі неге қызды қаратып алмайды, демек денінің дұрыстығында, не саулығында бір ақау бар не болмаса ынжық. Алқаш, нашақор болса қайтпексіз? Сондықтан,ондайға көнбеңіздер!!!

Жігіттерге құлаққағыс: Дүниені «шайқап» болып, «Не бай алмады, не құдай алмады, ең болмаса біреу алып қашып та кетпеді-ау» деп селтеңдеп жүргендерге кездесуіңіз әбден мүмкін. Сондықтан, ондайға бармаңыздар!!!

Дәстүрді орнымен, салтты қалпымен ұстанайық, өзімізді өзіміз қорламайық, қандастар!!!

Алмас ЖҰМАҒАЛИ,

заң ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары