05.03.2015, 18:00

Көктем және әйел

Көктем мен әйел екеуі егіз ұғым. Көктем туса, әйел, шіркін, жасанады. Көктем алғашқы бүршігін жарып құлпырады, әйел түлеп, жасарады. Көктем келсе болды нәзікжандыларға деген ерекші бір ілтипат сезіле бастайды. Оны көктем қанатына байлай әкеледі. Өйткені,  көктемде әйел атаулының атын асқақтататын жалғыз мереке бар. Сол мереке қарсаңында ерлер қауымы бусанған табиғатпен қатар оянып, тірлікке кіріседі. Барын, бағын, бақытын баптау керектігін еске түсіреді. Олардың бар екенін, керек екенін сездіреді. Өздері де соны шын сезетін күн осы көктемгі мереке болса керек.

Біздің елде әйелді қалай бағалайды? Сол күні ғана ардақты ана, асыл жар, қымбатты қарындас, ерке қыз екені анық байқалады. Мемлекеттің тізгінін ұстаған тұлғалардан бастап мектеп пен балабақшадағы балаға дейін бәрі жаппай әйел қауымына алғыс білдіруге көшеді. Көшелі елдің баласы әр күні анасын төрге оздырып, уақытын бөліп, әлпештесе, бүгінгінің қазағы қым-қуыт заманды сылтауратып, біразы анасын қарттар үйіне апарып салған. Көктем сайын құттықтап әуре болмайын дегені шығар. Тірлік деген бұлталаң да, бұралаң. Қарттар үйіндегі стандарттың қандай екенін былайғы жұрт белгілі ғой десек те, жасы келген қарияның әр қызметкердің қас-қабағын бағып өмір сүруі біздің елде ғана бар кілтипан. Ананың ардақтысы төрге озғанмен, ара-тұра кейуаналарға осындай жетімдіктің күнін көрсетіп отырған елміз. Жыртық көңіл жамауға келіп жатыр ма екен? Оларды қалай құттықтайды? Ең, бастысы кім құттықтайды?

Жыл бойы кеңсе мен үйдің қозғалмайтын мүлкіндей мойнындағы парызды тапжылмастан орындайтын әйелдер бір күн өзін патшаның тағына отырған оралмандай сезініп қалады. Бұл күн әйелдің мұңын мұңдайтын, әйелдің жоғын жоқтайтын, әйелдің бар екенін еске түсіретін күн. Көктемнің жыл сайын қайталанатыны қандай жақсы. Әйтпесе кей адам әлемнің сұлулығын жүрегінде тұндырған әйел атаулының қадірін сезінбей қалар ма еді? Көктем болмаса, әйел атаулы мақтау-марапаттан сырт қалар ма еді? Анамыз, әйеліміз барын ұмытып кетер ме едік, кім білсін?! Бұл күні қалтасы көтергені гүл әпереді, көтермегені қолдан жасап береді. Кейбір әлеуеті жеткен мекеме әйелдерге сый-сыяпат жасайды. Кейбірі мәрттікке барып, қаржылай сый жасап жатады. Басшысы атымтай жомарт болса, үйдегі бәйбішесін ойлай отырып бүкіл ұжымға біркелкі премия тағайындайды. Көз көрген сан алуан сыйлықтың бірі әрі бірегейі осы болса керек. Жұмысқа жегілген бәз бір ханымдарға осыдан артық сый жоқ. Сыйлықты сыйлайтын еркектер ғой қанша дегенмен, көйлекті де солар әпермек, дастарханды да солар жаяды дегендей. Отбасына ұйытқы, ұжымының іргетасы болып қаланған талай маманның қалауы да сол. Бір күннің ауқымында әйел өзін бар кереметімен қошеметтетеді.

Өмірдің өзі сый емес пе біле білген жанға! Осынша тоғышар түйсікпен өмір сүруге бола ма дейтін азаматтар да аз емес. Тұнып тұрған сұлулыққа күнделікті куәгер болатын солар, өйткені. Әсіресе, кілең әйелдер басымдық ететін мектеп пен балабақшада басты сыйлық – тек құттықтау сөз. Басқасын оқушылар сыйлайды. Мұндай мекеменің басшылары премия беріп шашылып жатпайды. Өйткені, ұжымның басым бөлігі әйелдер, басқа шығара берсе, ертеңгі күн асынып-тасынып кетпей ме? Ата-аналар комитеті не үшін? Солар ортадан шығарсын. Шығарады. Шығармаған күніңіз болды ма? Әйелдер тек мектепте ғана бар сияқты. Әйелсіз мектептің күні қараң.

Әйелсіз жалпы ғаламның күні қараң. Тек соны еске салатын көктемгі ояну күні бары қандай жақсы. Бес бала тауып берген сары бәйбішелерден бастап, белі бесіктен шықпаған бүлдіршіндей қыздардың өзі бұл күні сый дәметеді. Басқа күні неге әйелдің еңбегі еленбейтінін қайдам, бірақ бұл мереке де барлық жетістігі тізбеленеді. Бекер обалы не керек, әйелдің әйелдігі еленетін бір күн болса, осы мереке. Өткеннен бүгінге, бүгіннен ертеңге апарар әр ісі мен қамқорлығы, оның мейірімі мен кешірімі тілге тиек етіледі. Әйел жүрген жердің бәрі қызық-думан әмәнда. Өйткені, жаратылысы қуаныш сыйлаудан тұрады. Әйелдің мақсаты өмірді гүлдендіру. Қисық қабырға болғанымен, бір күлкісіне мың жігітті ғашық ететін әйелдің құдіретін ешкім жоққа шығара алмас. Сөйте тұрсақ та мұндай күлкі әр әйелдің маңдайына біте бермейтіні және бар. Қазақ әйелінің табиғатындағы көнбістік тамырын тереңге жайған. Тағдырын басқа жұрттың әйелімен салыстырмай, тұрмыстың тауқыметін ерлерге сездірместен-ақ дөңгелете беретін, бар қиындықты бөле көтерісетін, көп жағдайда бір өзі алып жүретін қаһармандығы бөлек әңгіме. Әйелдің әдемілігін сөз қылып қана қоймай, оған өзгеше леп беретін көктем мерекесі әрбірімізге ыстық. Бірақ осы бір күнмен шектелетін нәзіктік мейрамы бітіп қалмай, үй мен жұмыстың ортасында өзін еш аямайтын аяулы жандардың ерен еңбегі мен жанайқайына құлақ түріп, әлем бас иетін сұлу жандарға қамқорлығын таныта жүретін азаматтар қатары молая берсе екен дегің келіп тұрады. Өйткені, әйелдің күрделі түйткілді оңай шешем деп дандайсығанынан, нәзіктігінен еш айырылмай, бесігін тербетуден безінбесе екен деген тілек бой көтереді. Елдің абыройын асқақтататын қарындастың күні күйзеліс те, күйбең де емес, пәтер алу мен көлік мінудің, табысты жұмыс пен бай жігіт табудың емес, ұлттың қамы, елдің мүддесі, ұлықты ұрпақтың үстінде болса екен!       

Шынар ӘБІЛДӘ