Алматының коммуналдық қызметтері қытымыр қысқа тас-түйін дайын. Биыл жергілікті бюджет есебінен қар тазалау жұмыстарына қосымша 65 жаңа техника сатып алынды. Құрылғылар қала көшелерін ақ ұлпадан дер кезінде арылтуға септік етеді. Жалпы, биыл Алматыны қардан аршу үшін 900-ге жуық арнайы техника тартылмақ.
Алматыдағы қар тазалағыш техникалардың қатары биыл «Jetbroom» машинасымен толықты. Ол қарды күреп қана қоймай, тас жолды көктайғақтан қорғайтын арнайы қоспаны да себе алады. Бұған дейін қалада мұндай ауыр техниканың тек төртеуі жұмыс істеп келген еді. Биыл олардың саны тағы 3-еуге көбейді. Соның арқасында қардан тазартылатын маңызды магистральдік тораптардың да саны артпақ.
«Бұл техниканың қар күрегішінің ені 5 метрге дейін жетеді. Сондықтан онымен Әл-Фараби даңғылы, Сайын сынды магистральдік көшелер мен алаңдарды тазалап келдік. Қосымша үш алып техниканы сатып алғанымыз, тазартылатын көше тізімін де ұлғайтуға мүмкіндік береді. Биыл мұндай машинамен бір бағыттағы Шевченко, Құрманғазы, Наурызбай батыр, Желтоқсан көшелері мен Абай даңғылын да қардан аршитын боламыз», - дейді «Алматы тазалық» МКК директорының орынбасары Александр Кин.
Бұған қоса биыл Швейцариядан шағын 16 «Пони» техникасын да сатып алыныпты. Коммуналшылар мұндай көліктің өте тиімді екенін алға тартып отыр. Жаз кезінде аталмыш техниканы шаңсорғыш, әрі суару машинасы ретінде қолдануға болады. Ал қыста тротуарлар мен көлемді техниканың тісі батпайтын жерлерді тазалау үшін пайдаланады.
«Биыл біз Панфилов, Жібек жолы көшелерін, Астана алаңын жүргіншілер аймағына айналдырдық. Ондағы жол төсеніштері мен архитектуралық формаларды бүлдіріп алмау үшін арнайы осы шағын техникаларды сатып алдық. Ол көліктер өте ыңғайлы», - деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Александр Сергеев.
Биылғы жылы коммуналшылардың қоржынын тағы мынандай су жаңа 20 трактор толықтырып отыр. Бұл техниканың қуаттылығы бұрынғыларынан 25 пайыз артық екен. Трактордың артына щетка қыстырылса, алдына қар күрейтін қондырғы қойылады.
Биыл жергілікті бюджет есебінен қар тазалау жұмыстарына қосымша 65 жаңа техника мен жұмысшыларды тасу үшін 10 автобус сатып алынған. Осының арқасында қала көшелерін дереу қардан тазарту мүмкіндігі жоғары, дейді мамандар.
«Қазіргі уақытта 70 мың тонна құм аралас хлор қоспасы мен 14 мың тонна тұз дайын тұр. Қыс түскенде қажіттілікке орай қосымша тағы әкелеміз. Биыл да көктайғаққа қарсы жаңа технологияны қолданамыз. Яғни, тұз бен кальций қосындысы арнайы ерітіндімен қосылып, жолға бір тегіс себіліп шығады», - деді Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Александр Сергеев.
Бүгінде Алматыдағы қардан аршылатын көше аумағы 20 миллион шаршы метрден асып жығылады. Оның 50 пайызын «Алматы тазалық» мекемесі тазаласа, қалған аумақты ақ ұлпадан арылту 14 кәсіпорынның мойнында. Жалпы қаланың коммуналдық қызмет өкілдері қысқы маусымға тас түйін дайын отыр. Айта кетсек, биыл 2500 мың жұмысшы қар күреу жұмыстарына жұмылдырылады.