Жасыратыны жоқ, кейде қазыналы қарияларымызды тек 9 мамырдағы Жеңіс күні мерекесінде, қазан айында аталып өтетін Дүниежүзілік қариялар күнінде ғана құттықтап, жағдайын жасап жатамыз. Ал, қалған уақытта ата-әжелерімізге көп назар аудара бермейтініміз шындық. Ол бәлкім қазіргі уақыттың тым қауырт болып бара жатқанынан да шығар. Бірақ, шынайы қазақ әрқашан қарттарын қадірлеп өтеді.
Біз қарияларымызға көп уақыт бөле алмасақ та, үкімет оларды ешқашан назарынан шығарған емес. Зейнеткерлер әрқашан мемлекеттің қорғауында және қамқорлығында. Қарияларымыз ешқашан зейнетақысы мен жәрдемақысын кешіктіріп алған емес. Ардагерлерімізге сондай-ақ, түрлі жеңілдіктер мен тегін демалыс орындары да қарастрылған.
Мұның бәрін неге айтып отыр дерсіздер. Оған себеп – бүгін дүниежүзі халқы қариялар күнін атап өтіп жатыр. Қатардан қалмай біз де ата-әжелерімізді құттықтап, оларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлық туралы азды-кем айтып өтсек деген ниеттеміз. Сондықтан, Алматы қаласы Жетісу ауданындағы Ардагерлер кеңесінің басшысы Сәния Әлденқызымен әңгімелестік.
Бүгінде аудан көлемінде 76 алғашқы ардагерлер ұйымы бар. Осы ұйымдардағы зейнеткерлер саны 20 мыңнан асып жығылады. Олардың 31-і ҰОС ардагерлері мен мүгедектері. Қарияларға құрмет көрсету айлығы барысында аудандағы денсаулық сақтау ұйымдарында Ашық есік күндері, мектептер мен колледждерде үш ұрпақ өкілдерінің кездесулері өткізіліп жатыр. Жас ұрпақ өкілдері ата-әжелерінің парасатты әңгімелерін тыңдап, олардың өнегелі өмірлерінен үлгі алуда.
Аудан көлеміндегі барлық іс-шараны Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев басты назарға алып, олардың жүйелі өтуіне тікелей ықпал етіп отыр. Мереке аясында ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік себеттерін жеткізіп берсе, бұл да мерекелік тарту іспетті. Сонымен қатар, аудан ардагерлері мен зейнеткерлерін жыл сайын Алматыны аралатып, туған қаланың күн сайын өзгеріп жатқан келбетімен таныстыру жұмыстары да жалғасын тауып отыр.
Жетісу ауданы әкімшілігінің алдынан қалаға бет алған арнайы көлік Тұңғыш Президент саябағына, жер асты метрополитеніне, Халық Арена мұз айдынын, Халықаралық шаңғы кешеніне, т.б. көрікті жерлерге саяхат жасаса, бұл да қарттарымызға жасалып отырған үлкен құрметтің бірі.
Шыны керек, қарияларды кинотеатрларға апарып, кино көруіне мүмкіндік жасай бермейміз. Ал осы олқылықтың орнын тағы да аудан әкімшілігі толтырып отыр. Аудан зейнеткерлерін «Максима» ойын-сауық орталығына апарып, «Иллюзион» кинотеатрындағы «Салют-7» фильмін тамашалауға мүмкіндік туғызды. Міне, ауданның қариялары қоңыр күзде тағы бір қауқылдасып қалды. Айтпақшы, дәл осы кезеңде мектеп оқушылары тарапынан көмекке зәру кісілердің үйлеріне, аулаларына тазалық жұмыстары жүргізіліп, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қолдауымен арнайы сенбіліктер ұйымдастырылып жатыр.