Мемлекет басшысы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің қыркүйек айындағы «оңтүстік астанаға» жасаған іс-сапарында Алматы қаласының бастапқы келбетін қалпына келтіру қажеттігін және көгалдандыру жұмыстарын барынша жақсартуды тапсырған болатын.
Бүгінде Елбасының осынау тапсырмасын орындау аясында, қаланың тиісті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, Алматыны көгалдандыру іс-шаралары тұрақты жүргізілуде. Мәселен, 2017 жылы – 1 300 қылқан жапырақты және 9 900 жапырақты 11 200 көшет отырғызылды. Сонымен қатар, осы қараша айының соңына дейін 16 000 қылқан жапырақты және басқа да көшет түрлерін отырғызу жоспарланып отыр. Бұлардан бөлек, 1270 алаңға әртүрлі тұқымды гүлдер, 4212 жасыл желектер отырғызылды. Жалпы көлемі 11 000 шаршы метрге гүлзар орнатылды.
Көгалдандыру жұмыстары қызу жүріп жатқанымен Алматыда былтыр шамамен 10 мың түп ағаш кесіліпті. Олардың басым көпшілігі қураған, қартайған ағаштар. Сондай-ақ, құрылысқа кедергі келтірген талдар да түбімен жойылған. Бұл өте көп көрсеткіш дейді экологтар. Сондықтан, жергілікті билік өкілдері бұл мәселені қазір қатаң бақылауына алды. Көгалдандырылған аймақтарды және жасыл екпе ағаштарды баптап күту қажеттігі күн тәртібіне қойылды.
Елбасының «Алматыны көгалдандыру керек» деген тапсырмасы тек қала әкімдігіне қарата айтылмағаны белгілі. Әрбір Алматы тұрғыны жоқ дегенде бір тал егуі тиіс. Бұл игі істен ешқандай мекеме, қоғамдық ұйымдар да тыс қалмауы керек. Ал, «Нұр Отан» партиясы болса осы қасиетті міндетін орындаған алғашқы ұйымдардың бірі атанып отыр.
Атап айтқанда, «Алматы-2020» бағдарламасы аясында және қаланың 1001 жылдығына орай партияның Алматы қалалық филиалы, бастауыш партия ұйымдары және қала тұрғындарының қолдауымен «Ару Алматыға – 1001 түп жасыл желек» атты акциясы өтті. Бұл күні қала аумағында 1001 жасыл көшет отырғызылып, аулалар мен көшелерді тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл акция бастауыш партия ұйымдарының қатысуымен барлық аудандарда нұротандықтардың бір-біріне ағаш сыйлау эстафетасын жолдау аясында өтті.
Акция аясында Алатау ауданында 7 қазан күні сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының Саяси кеңес мүшелері, қызметкерлері, Алматы қаласының мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, «Жас Отан» Жастар қанатының өкілдері, БПҰ, БАҚ өкілдері қатысты. Акцияның ашылуында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова, Алатау ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Шахмерден Рыспаев, қалалық мәслихат депутаты Фарида Мерхамиткызы сөз сөйлеп, ағаш отырғызды. Олардың бастамасын басқа да келушілер жалғастырды.
Сенбілік «Алғабас-6» ықшамауданында «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалының алдында бастау алды.