$ 498.34  519.72  4.85

Алматы әкімі Үлкен және Кіші Алматы өзендері учаскелерін аралады

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қаланың арық желілерін салу және қайта жасаудың барысын тексерді. Сонымен қатар Үлкен Алматы өзені жағалауының, Медеу және басқа да тау бөктерлерінің ылдилы  учаскелерін нығайту жұмыстарымен танысты.

Қала әкімі жұмыс сапары барысында ГЭС1-ҮАӨ автожо­лындағы қауіпті аймақтағы салынып жатқан қорғаныс нысанының құрылысын және ылдилы учаскелерді нығайту жұмыстарын  аралап көрді.

Учаскеде бірқатар жерүсті жұмыстары аяқталған, габионды конструкциялар мен тірек қабыр­ғасы орнатылған. Бөктерлі жерлерді инженерлік қорғау барысында анкерлерге габионды  торлар қойылған. Габионнан жасалған құрылымдар  интенсивті су және жел эрозиясы кезінде өзінің бастапқы  қалпын еш өзгертпейді. Габиондар ұзақ мерзімді, нысан топырақпен толтырылады, тапталады, содан кейін ландшафттың  табиғи элементіне айналады.

– Технологиялық күрделі жоба. Учаскеде 40 маман, 20-дан астам техника бірлігі жұмыс істеуде. Жұмыс екі кезеңде, яғни тәулік бойына жүруде. Негізгі жұмыс­тардың барлығы  қарашаның соңында бітеді, – деді мердігерлік ұйымның директоры Валерий Соломкой.

Шаһар басшысына  «Кіші Алматы» өзені  арнасының бойындағы Таиров көшесінің ұзындығы 470  метр болатын ылдилы жерінің габионды тормен  нығайтылғаны айтылды.

– Тұрғындардан  қауіпті аймақ туралы 2013 жылдан бері шағым түсіп келген еді. Ылдилы учаскеде 150 үй бар. Қазір нығайту жұмыс­тары толық бітті, 2-3  күннің ішінде абаттандыру жұмыстарын да аяқтаймыз, – деді  «Арыс ЛТД» ЖШС мердігерлік ұйымының бас директоры Қуат Тажмағамбетов.

Жұмыс сапары барысында Бауыржан Байбек «Бағанашыл» ықшамауданындағы жұмысты да тексерді. Жобалаушылар топырақтың құрамы мен сейсмикалық  жағдайын ескере отырып, тірек қабырғасын жасаған. Қауіпті  учаскенің жалпы ұзындығы – 200 метр. Қазіргі кезде  мұнда барлық жұмыстың 70%-ы орындалған, сайлы жерлерді  кесу және топырақты  сыртқа шығару жұмыстары жүруде.

Бүгінгі күні құрылыс мердігері «Saffat Buіldіng Group» ЖШС жұмыстың  98%-ын атқарған,  объектіні  іске қосу 20  қарашаға жоспарланып отыр. Келер жылдың көктемінен бастап учаскені көгалдандыру жұмыстары қолға алынады. Қарашаның соңына дейін Медеу мен Шымбұлаққа баратын жолдың  тау бөктерлері нығайтылатын болады.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары