08.12.2017, 08:14

Шымкенттік әйел бес баласын күйеуіне тастап кетіп қалған

Оңтүстікте бес баласын тастап кеткен көкек ана елдің сынына ұшырады. Анасының қарауынсыз қалған балаларды әкесі қамқорлығына алыпты. Шиіттей бала-шағасымен өлместің күйін кешкен жалғызбасты әке өз перзентіне жаны ашымаған безбүйрек әйелінің әрекетіне ашынады деп жазады NUR.KZ тілшісі.

Оңтүстік тұрғыны Бағлан Темірбеков бес баласын қазір өзі қарап отыр. Бір ұлы мүгедек. Сондықтан, үй жағдайында оқытуға мәжбүр.

Жұбайы Заринамен ажырасқан соң балалары анасының қарауына берілген. Кейін келіншек оларға қарамай, ұратынды шығарады. Анасының қорлығынан шаршаған ұлдары әкесінен ажырағысы келмейтіндерін айтқан.

"Менің үш ұл, екі қызым бар. Әйеліміз екеуміз жараса алмадық. Бесіктегі баламды тастап кете беретін. Жеті-сегіз айлап көше қаңғып кететінді шығарды.Сонымен біз соттастық.

Соттың шешімі бойынша бес балам әйелімнің қолында қалған. Бірақ, әйелім оларға қарамай, қаңғып кетті. Амал жоқ, балаларды өзімнің қамқорлығыма алдым. Бірақ, анасы оларды іздеп келмейді. Балаларым да анасын көргісі келмейді", – дейді Бағлан Темірбеков.

Зарина бес баласы үшін мемлекеттен жәрдемақы алады. Бірақ, перзенттері үшін бір тиын да әкелмейді екен.

Ал, жалғызбасты әке үйдегі бала-шағасын ысырып, жұмыс істей алмайды. Өйткені, балаларды сеніп тапсыратын әзірге ешкім жоқ.

"Намыс болса да айтайын, бала-шағамның киетін киімі жоқ. Қыстың суық күнінде аяқтары жаурап жүр. Мемлекет балаларымды қамқорлығына алған. Бірақ, оның бір тиыны да балама берілмейді. Әйелім қалтасына салып, тайраңдап жүр.

Жәрдемақы жөнінде Төле би аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне көмекке жүгіндім. Балаларымның жәрдемақысын өздеріне берсе деймін. Бірақ, олар да көмектесуден бас тартып отыр. Айтуларынша, соттың шешімі бойынша балалар анасының қамқорлығында. Сондықтан, көмектесе алмайды екен", –  дейді Бағлан Темірбеков.