29.11.2017, 09:44

«Рухани жаңғыру»: мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасалды

Алматы қаласы Жетісу ауданында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық пен назар аудару шарасы ұйымдастырылды. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының басшылығымен жарияланған – 3 желтоқсан Халықаралық мүгедектер күніне орай, мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлуе бағытталған және әлеуметтік бейімделуіне байланысты, аудандық кәсіпкерлердің қолдауымен үйге қызмет көрсететін психоневрологиялық ауруымен ауратын балаларға қайырымдылық көмек көрсетілді.

-Еліміздегі патриоттық рухты көтеруге бағытталған Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасы аясында, демеушілік және басқа да көмек түрлерімен қамтамасыз ету мақсатында осындай шараны қолға алдық. Бұл балалардың дан жарасын ұмыттырмасы анық. Алайда біз оларға бір сәтке болса да қуаныш сыйлап, қоғам олармен бірге екенін, олар да қоғамның бір мүшесі екенін сезіндіргіміз келді, - дейді Жетісу ауданының әкімі Мұхтар Тәжібаев.

Шара аясында  «Тәтті шай»  қайырымдылық түскі асы беріліп, аниматорлар (сабын көпіршіктері, твистинг, түрлі ойындар, конкурстар және т.б.) шоу бағдарламалары ұйымдастырылды. Балалар ойын ойнап, ән салып, конкурстарға белсенді ат салысты. Сонымен қатар, балаларға тәтті сыйлықтар берілді.

Мүмкіндігі шектеулі (аз қамтылған, жүре алмайтын) балаларға үйлеріне құттықтап, азық-түлік және тәтті тағамдар тарту етілді. Мүмкіндігі шектеулі балалар бұл күні ерекше қуанышта болды. Дәмді түсі ас пен ерекше сыйлық қана емес, бір-бірімен достасып, байланысып тұруға уағдаласты.

-Мүгедек балалар және психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсету» бөлімшесінің мүмкіндігі шектеулі балаларына өз тарапынан көмек және қамқорлық көрстекені үшін «Астық» ЖШС-нің, «Адильбекова» ЖК-нің және «Алмаз» КШ-ың басшылығына алғысымызды білдіреміз, - дейді аудан әкімі.

Айта кетейік, биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Онда Елбасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін жасалуы тиіс шараларды тапсырма ретінде тізбектеп шыққан. Ең басты мақсат - қоғамдық сананы жаңғырту, сол арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Осы мақсатқа жету үшін Президент 6 басым бағытты көрсеткен.

Ақбота Мұсабекқызы