08.04.2015, 18:00

Бақытты болуға рұқсат етіңіз

Сурет, fotostudia.net

Өзіне өзі сенімді. Өз өміріне өзі қожа. Кез келген таңдауды өзі жасайды. Қай жерде не күтіп тұрғанын алдын ала есептеуге тырысады. Өзін еркінмін деп есептейді. Өзіне қалай жақсы болса, солай жасайды. Ол солай ойлайды. Бірақ неге екенін жиырма жылдан бері үнемі біркелкі жағдайларға тап бола береді. Достары сатып кетеді. Жігіттері үш кездесуден соң тайып тұрады. Бастықтары барлық жұмысты соған жасатып, жақсы атын өзі иемденеді. Оған қоса ұрыс-керісті де өзі естиді. Мұның барлығын ол әділетсіздік деп есептейді. Қайта-қайта тағдырына налиды. Өзінен басқаның бәрін кінәлайды. Жаңа жігіт тапса, не бастық ауысса, бәрі өзгереді деп өзін алдаусыратады.

Мұндай оқиғалар күнбе күн қайталанады. Неше түрлі клиенттер келеді. Жынысы, жасы, жағдайы өзегереді. Бірақ әрбірінің өмірінде қайталанатын қиындығы бар. Соның неден екенін білгісі келетіндер көп. Неге олардың өмірінде қисынсыздық бола береді? Бәрінің себебі бір, осы жағдай баяғыда бір болған.

Адамның басына түскен қиындық оны өзгертеді. Ерте жастан көрген түйткілді оқиғалар – бала күннен басқа түскен қиындықтар. Бір жағдай немесе тізбектелген оқиғалар. Ол адамның психологиялық құрылымын өзгертіп кетеді. Сол арқылы ересек өмірі өзгереді. Ол қиындық баяғыда ұмытылса да, оның салдары күнбе күн қайталана береді. Бала күнгі жан жарасы жай таптырмайды. Өйткені, оның өзінің заңдылығы бар. 

1. Ол әрдайым тосыннан болады. Оған алдын ала дайындалуға болмайды. Күтпеген жерден орын алады. Баланы қорғансыз күйге түсіреді. Өзін қорғай алмайтын жағдайды бастан кешіреді. Жан жарасын алған кезде баланың көңіл күйі күрт өзгереді. Ол ешкімге ашулана алмай, ренжи алмай, ешбір сезімді сыртқа шығара алмай дал болады. Қаққан қазықтай бір орында қадалып қалғандай күй кешеді. Басына түскен қиындыққа қалай төзу керектігін түсіне алмайды. Тек соңынан эмоциясы қосылады. Бала қорқыныш, үрей, ұят, ауырсынуды сезеді. Психикасы көтере алмаған жараны ол жылдар бойы еске алмай өтуі мүмкін. Бірақ жан жарасының салмағы жүк болады. Ол ересек өмірде адамның мінез-құлқын қалыптастырады.

2. Ол жағдай бала өз өмірін, өзін басқара алмайтын кезде болады. Басына түскен қиындықты қалай түсіну керектігін ұқпай тұрғанда жаны жараланады. Жағдайды басқара алмайды. Барлық жауапкершілік осы жағдайдың туындауына себепші болған ересек адамның қолында болмақ. Бала мүлде қорғансыз қалады. Оның өміріне енген өзгерістерге төтеп бере алмай тал қармайды. Осы жағдайдан соң бала күтпеген жағдайдың бәріне сақтықпен қарайтын болады. Өзінің өмірін алдын ала жоспарлап отыруды әдет қылады. Әр қадамын санап басатын болады. Тәуекелге бел буатын барлық шырғалаңнан басын алып қашады. Өзгерістерден қорқып, үркеді. Үрей, күдік-күмән мәңгілік жолдасына айналады. Айналасын қадағалау, басқарып отыруды өзіне міндет санайды.   

3. Бала күнгі жан жарасы оның әлемін өзгертеді. Мұндай қиындыққа дейін бала үшін әлем бірқалыпты болады. Оны бәрі жақсы көреді. Ол қауіпсіз жерде. Ол жақсы. Оның жаны да, тәні де таза. Адамдар оны жақсы көреді деп біледі. Жанына жара түссе, әлем өзгеріп кетеді. Әлемі қаталдықтың уытына оранады. Әлем қатыгез, жақын адамы сатып кеткіш, тәнінен ұялу, өзі ақымақ, сымбатты емес, махаббатқа лайықсыз деген түсініктер тамырын терең жая бастайды.

Мәселен, қыз бала әкесін қатты жақсы көреді. Әкесі оны еркелетеді. Ешқашан ренжітпейді. Бірақ ішіп алған кезде ол қызын ұрады. Осыдан соң баланың санасы өзгереді. Оның әлемін бұлт торлайды. Сені жақсы көрген ер-азамат сені кез келген сәтте ренжіте алады деген түсінік пайда болады. Ал, сен ештеңе істей алмайсың. Немесе басқа жағдай. Кішкентай қыз әдемі белдемше киеді. Онымен айналып қандай әдемі киім кигенін көрсеткісі келеді. Тіпті ішкиімі де көрініп тұрады. Осы кезде анасы: доғар, қане, бұтың көрінгенше айналғаның не, ұялсаңшы деп сөгеді. Бітті. Ол енді өзін еркін, ерке ұстамайды. Өзін тартымды сезінбейді. Оның әйели нәзіктігі құлпымен сарт жабылады. Өзінің сұлулығын көрсетуді ұят санайтын болады.  

4. Ересек өмірде бұл адамның қыр соңынан сол жараның салдары қалмайды. Бала өсіп кетсе де, сол жараның салған ізін жуып-шая алмайды. Егер бала күнде жанындағы достары бөліп тастаса, ол ересек өмірдегі әр ұжымда өзін бөлексініп өтеді. Сосын өзі содан жапа шегеді. Әкесі ішіп ұрған қыздың күйеуі де ішкіш, не ұратын адам болуы ықтимал. Тағдырға жылау жалғаса береді.

Өзі қаламай-ақ ылғи қайталанатын жағдайды тарту бала күнгі жараның жазылмауынан. Жан жарасы бар бала тым көп зардап шегетінін өзі де байқамауы мүмкін. 

5. Жаны жараланған бала өскенде өзіне бақытты болуға мүмкіндік бермейді. Рұқсат етпейді. Оларға бақыт, тұрақтылық, қуаныш, жетістік – жанына жара түскенге дейінгі өмірді еске салады. Өтіп кеткен деген түсінік тұрады. Енді олар үшін бақыт жоқ. Олар мереке, думанды жақсы көре алмайды. Сезімге сенбейді. Біреу мақтаса, күмәнмен қарап, жақсылық жасаған адам не тілер екен деп күдіктеніп тұрады. Бар жақсылықты өзі ұрыс-керіспен жамандыққа апарып тірейді. Көкжиектен көрінген күнді көріп шошиды. Дереу бұлт төндіріп, найзағай ойнатады. Аяқ астынан күйеуі ішіп келеді. Баласы ауырып қалады. Сүйіктісі тастап кетеді. Жұмыста қысқарту жүреді. Тікелей қатысынсыз жүретін сияқты. Заңдылық. Бүкіл әлем көмекке келеді. Бірақ ол бәрін өз қолына алады. Әлемді өзі құтқарады. Енді ештеңе аяқ астынан болып, мазаламас. Бәрі жақсы болған кезде бір жаманат болатынын күтеді. Өзін соған дайындайды. Солай болады.

6. Жан жарасы – өмірді өзгерткен бір оқиға. Балаға жасалған зорлық-зомбылық, рухани қысым, айтылған сын, өзінің керексіздігін сездірген бір жайт. Өзін күнәлі сезіну. Не істесе де дұрыс емес деп қабылдау. Түйсік осының барлығын санаға жаза береді. Бала кейбір кезде түйсігіне бұрыс ақпаратты жазып алады. «Мен мақтап өмір сүруім керек», «өзгеге жалпақтасам бәрі жақсы болады», «ешкімнің менде шаруасы жоқ», «мен бәріне кедергімін» деген сияқты санасына салмақ салатын ақпараттар жетегінде кетеді. Осындай психологиялық қаңқаны бұзып-жою оңай емес. Бұл ақпаратсыз қалай өмір сүруге болатынын білмейді де. Өйткені, жақсы өмірдің тәжірибесі болмаған, яки тез өшіп кеткен.

7. Фрейд жан жарасы неғұрлым ерте салынса, оны жазу соғұрлым қиындау деген. Келіспесе болмас. Ерте жастағы жан жарасы есте тұрмайды. Тек түйсікте қалады. Олар мінез-құлықты, өмірді көруді, қабылдауды өзгертіп кетеді. Жаңадан бағдарлама жасап шығарады. Олар түйсікпен орындалады. «Ерте жастан мүгедектену» басталады. Олар әлемді тек көлеңкелі етіп көреді. Психикадағы осы бір қисық ақпаратты жұлып алатын жағдай орын алмағанша солай кете береді. Оны жұлып алу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Ол бүкіл психиканы зақымдап алуы да ықтимал. Сондықтан психологиялық қорғаныштың болуы түрлі қиындықты жеңуді мүмкін етеді. Ол алдын ала дайындықты талап етеді. Ерте жастағы жан жарасын жазу археологиялық қазба жұмысын жасаумен тең. Оны хирургиялық ота деу қиындау.

Аударған  Шынар Әбілдә